Халықаралық студенттік конференция: «Салауатты тамақтанудың заманауи трендтері мен басымдықтары».

19 қазан, 2023

«Мықты денсаулық және әл-ауқат» Тұрақты даму мақсаттары және «Бүкіләлемдік салауатты тамақтану күніне» орай 2023 жылдың 13-қазанында Қазақ тағамтану академиясының конференция залында «Салауатты тамақтанудың заманауи трендтері мен басымдықтары» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультеті, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің «Қоғамдық денсаулық сақтау» мектебі, «Халықаралық медицина факультеті», «Фармация өндіріс технологиясы» мектебінің ұстаздары мен студенттері қатысты. Сонымен қатар, онлайн түрде АҚШ-та болашақ бағдарламасымен білімін шыңдап жатқан доцент А.Қ. Бейсбекова мен АҚШ, Дюкесне университетінің Денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің студенті, Денсаулық сақтау магистрі Харшита Раманан қатысып, баяндама жасады. Конференцияда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің 3 курс студенті Жақсылық Аделия «Фастфудтың адам ағзасына тигізетін зияны» тақырыбында баяндама жасады, студенттердің фасфудты тұтыну және оның адам организміне тигізетін зияны туралы сауалнама нәтижелеріне талдау жасады. 4 курс студенттері фастфудтың адам ағзасына зияны туралы видеобейне және ақпарттық қағазды таныстырды. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің 4 курс студенттері Байсынов Нұрлан мен Тулебаева Нургуль  «Энергетикалық сусындардың адам денсаулығына әсері» тақырыбында баяндама жасады. Энергетикалық сусындардың адам организміне әсері бойынша жүргізілген шетелдік зерттеулерге толықтай талдау жасады. Сонымен қатар, студенттер арасында жүргізілген сауалнама бойынша, қорытынды келтіріп, энергетикалық сусындардың адам денсаулығына әсері бойынша ақпарттық қағаздар таратты. Тақырыптар бойынша сұрақтар қойылды, студенттер толық, жақсы жауап берді. Конференцияның соңында қатысқан студенттерге сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.