Бүгін ҚазҰУ-ды құру туралы құжат қабылданған күн

20 қазан, 2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары,

қызметкерлері және студенттер!

 

Бүгін  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құруға негіз болған тарихи құжат қабылданған күн.

1933 жылдың 20 қазанында СССР Халық Комиссарлар Кеңесі №2293 «Қазақстанға мамандар дайындау және ҚазМУ ашылуы туралы» Қаулы шығарған.

Осы құжат негізінде 1934 жылдың 15 қаңтарында білім ордасы алғашқы студенттерін қабылдаған.

1991 жылдың 23 қазанында университетке Әл-Фараби есімі берілді.

1993 жылдың 9 қаңтарында оқу орны Ұлттық мәртебе алды.

Келесі жылы университетіміздің құрылғанына 90 жыл толады.

Қазіргі ҚазҰУ қалашығының іргетасы қаланғанына 50 жылдан асты.

Халқымыздың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев іргетасын қалап, академик Өмірбек Жолдасбеков өлшеусіз еңбек сіңірді.

Бүгінгі күні ҚазҰУ QS рейтингінде әлемнің ең үздік 250 университетінің қатарына кіреді.

2022 жылы Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. 

Мемлекет басшысының қолдауымен университет Ыстамбұл және Бішкек қалаларында өз филиалдарын ашты.

ҚазҰУ-да «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің (Мәскеу инженерлік-физикалық институты)  және  ҚХР Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы жұмыс істейді.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ҚазҰУ студенттері әлемнің беделді университеттерінде білім жетілдіруде.

ҚазҰУ-да 25 мыңға жуық студент бар, оның 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер.

Әлемдік білім кеңістігінде айшықты орны бар оқу ордасында жетістіктер көп, алдағы мақсаттарымыз да үлкен.

Университет өзінің 90 жылдық мерейтойына зор табыстармен келіп отыр.

Мерейтойды мазмұнды атап өтуге байланысты арнайы Жол картасы жасалып, бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарланды.

Көшбасшы университетіміздің мерейтойын барлығымыз бірлесіп абыроймен атқаратынымызға сенемін.

Еңбектеріңізге табыс тілеймін!

 

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ