Тәжікстанның Бас консулы ҚазҰУ студенттерімен кездесті
Тәжікстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Бобохонзода Равшан Арабшах Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде грант негізінде білім алып жатқан тәжікстандық студенттермен кездесті.
Консул студенттердің оқудағы жетістіктері мен жағдайлары туралы сұрап, пікір алмасты. Бүгінде ҚазҰУ-да Тәжікстаннан 31 студент білім алуда, оның екеуі ақылы негізде, 29-ы грантпен оқуда. Жыл сайын Тәжікстан азаматтарына үкіметаралық келісім аясында ҚР жоғары оқу орындарында білім алу үшін мемлекеттік білім гранттары бөлінеді. Кездесу барысында студенттер консулдың сұрақтарына жауап беріп, оқулары мен күнделікті өмірі туралы әңгімеледі, сонымен қатар ҚазҰУ оқытушыларының жоғары кәсібилігі мен білім беру ресурстарының қолжетімділігін атап өтті.
Кездесу барысында консул студенттердің сапалы білім алуға ұмтылуы керектігін айтып, жастарды жеке және кәсіби дамуы үшін барлық мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ белсенділік танытып, Қазақстанның барлық мемлекеттік мерекелеріне қатысып, достық қатынастарын дамытып отыруға атсалысуға үндеді.
Тәжікстаннан келген студент Сабрина Насарадшоеваның айтуынша, «консулмен кездесу тәжік студенттері үшін пайдалы әрі маңызды оқиға болды. Ол өз сөзінде: «Жүздесу біліміміз бен болашағымыз туралы ой бөлісіп, қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Мен өзім аударма және батыс тілдері мамандығы бойынша оқып жатырмын. Мен үшін ҚазҰУ-да оқу өте қызық процесс, біз қазір француз тілін үйреніп жатырмыз. Бірінші курста қазақ және ағылшын тілдерін оқыдық. Болашақта грант бойынша магистратураға түсуді жоспарлап отырмын», – деді. .
ҚазҰУ академик Б.Ғафуров атындағы Худжан мемлекеттік университеті, М.Осими атындағы Тәжік техникалық университеті, Хатлон мемлекеттік медицина университеті, Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Тәжік ұлттық университеті сияқты Тәжікстанның бес жоғары оқу орнымен әріптестік орнатқан.
Бүгінде ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде «Тәжік тілі мен мәдениеті» орталығы жұмыс істейді. Орталық Алматы қаласындағы Тәжікстан Республикасы Бас консулдығының бастамасымен ашылды. Орталықта екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған мәдени іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі