24 қазан – Кітапханашылар күні құтты болсын!

24 қазан, 2023

Құрметті кітапханашылар қауымы!

 

Сіздерді Кітапханашылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл атаулы күн өткен жылы Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен арнайы бекітілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кі­тапханасыз адамның ойда­ғы­дай дамуы мүмкін емес.

Бү­кіл әлемдегі кітапханалар – бі­лім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікір­лер­дің мекені.

Электронды фор­маттың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітап­ха­наның ағартушылық рөлі еш­қашан мәнін жоғалтпайды» – деп атап өткен болатын.

Кітапханашылар күні – осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың ғана емес,  баспагерлердің, қаламгерлер мен ғалымдардың, жалпы оқырманның мерекесі.

Бүгінде университетімізде Әл-Фараби кітапханасы табысты жұмыс істеп келеді.

1934 жылы оқу орнымен бірге құрылған кітапханамыз қазіргі уақытта еліміздегі ірі университеттік ғылыми кітапханаға айналды.

2,5 миллионнан астам басылым қоры бар кітапхана 16 факультетте оқитын 25 мыңнан астам білім алушы жастар мен оқытушы-ғалымдарға сапалы қызмет көрсетеді.

Электронды кітапхана қорын еліміздің өзге өңірлері мен шет елдердің кітапхана қолданушылары да пайдалана алады.

Әл-Фараби ғылыми кітапханасы Springer, EBSCO, Elsevier халықаралық баспа үйлерінің және отандық «Эпиграф» дерекқоры мен әлемдік Scopus дерекқорларымен байланыстырылған.

Заманауи цифрлы үлгіде қызмет көрсететін Әл-Фараби кітапханасы университет дамуында маңызды орны бар ғылыми орталық.

Түркі әлемінің ұлы ойшылы Әлішер Науаи  «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбаев  «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» – деп тұжырым жасаған.

Білімді қоғам қалыптастыру жолында елеулі қызмет атқарып жүрген кітапханашылардың еңбегі жемісті болсын.

Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

 

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ