«Мәдениеттану» бойынша республикалық пәндік олимпиада өтті

31 наурыз, 2015

2015 жылдың 26-27 наурыз аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасы Мәдениеттану пәні бойынша білім беретін, сонымен қатар мәдениет мәселелерін өзекті түрде қарастыратын ЖОО арасында іскерлік және кәсіби байланыс орнату мақсатында республикалық студенттік олимпиада өткізді.

Олимпиадаға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан 5 команда «Авангард», «Гармония», «Жалын», «Интеллектус», «Көшбасшы» және Қазақ қыздар педагогикалық университетінен «Сырғалым» тобы қатысты.

Олимпиада бағдарламасы мен жұмысы «Халықтар достығы мемлекет тұрақтылығының кепілі» тақырыбында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20-жылдығына арналды. Қатысушы топтар сайыстың төрт шарты бойынша дайындалып, жарысқа түсті. Олар «Визитка» (команданың атын, ұранын және топ басшысын таныстыру), «Халықтар достығы мемлекет тұрақтылығының кепілі» тақырыбына алдын-ала дайындалған еркін формадағы презентацияны (видеоряд, слайд–презентация, көрініс, инсталляция және т.б) демонстрациялау. «Үй тапсырмасы» Қазақстанда тұрып жатқан бір ұлтты мысалға ала отырып дайындау (мәдениеті, ұлттық киімдері, салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары) болды. «Сөздік қор» кезеңі мәдениеттанулық терминге, категорияларға түсінік беру және берілген түсінікке мысал келтіруге берілді. «Мәдениет болашағы» атты инновациялық жобада команданың инновациялық staprt-up жобасын презентацияланды. Әділ-қазы алқасының шешімі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Мәдениеттану» мамандығының 2-курс студенттері «Гармония» тобы 1-орынды иеленді, топ жетекшісі филос.ғ.к. Ә.Ө. Өмірбекова.