МЕНІҢ – ОТАНЫМ ҚАЗАҚСТАН!

23 қазан, 2023

2023 жылдың 23 қазан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, 6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс, 304-топ студенттерінің ұйымдастыруымен   республика күні мерекесіне арналған «Менің – Отаным Қазақстан!» атты әдеби-танымдық  ашық тәрбие сағаты өтті. Тәрбие сағатының мақсаты – Қазақстан Респубикасының ұлттық мерекесі республика күнінің шығу тарихына назар аудару, ұлттық рәміздерді құрметтеуге, жас ұрпақты Отанын, туған жерін, туған елін қорғауға, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталады.304- топтың эдвайзері ф.ғ.к., профессор м.а. Болатхан Сарбасов: «Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ата-бабамыздың ұлттық арман-аңсары. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды  рухани құндылықтарымызбен,  жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиемен сіңіруді үйретсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық.

 «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетіміздің ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн», – деп бабаларымыз айтқандай, бүгінгі жас ұрпақ үшін маңызды өзекті мәселе болып табылады.

Тәуелсіз Қазақстанның өркендеп дамуына, қазақ елінің бірлігін сақтауға, болашақ «Мәңгілік Ел» болуына ұлттық мерекелеріміз бен ұлттық құндылықтарымыдың  тигізетін ықпалы орасан зор деп білеміз» деген  ой пікірімен бөлісті.

Бүгінгі іс-шара барысында студент жастарымыздың респубика күніне шығарған арнау өлеңдері мен ақындар шығармашылығынан әдеби топтама оқуы, сонымен қатар, өнерпаз студенттердің күйлері мен әндері, көпшіліктің көңілінен шықты. Атап айтқанда, Нурмуханова Торғын Ф. Оңғарсынова «Туған жер»,  Тлеуленова Анель  К.  Ахметова «Сен қазақсың», Бөгенбай Алма Қ. Сариннің «Тәуелсіздік» т.б. ақындардың өлеңдері оқылды. Сонымен қатар, Жұмагелді Тоқтарбек С.Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйін әдемі орындады. Ашық тәрбие сағатының соңында топ студенттерінің орындауымен Қуандық Рақымның «Мен қазақпын» әні  шырқалды.

Барша қазақ елін республика күні мерекесімен құттықтаймыз! Тәуелсіз Қазақстанның бірлігі арта берсін! Егемендігіміз ұзағынан болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!