Ұлттық мереке – Республика күні құтты болсын!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары,
қызметкерлері және студенттері!
Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің Ұлттық мерекесі қатарына қайта қосылған бұл күннің еліміз үшін маңызы зор.
Президенттің бұл бастамасы халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгерістер енгізілді.
Азаттық рухын айшықтаған, ел тарихында ерекше орны бар бұл мейрамды биыл екінші рет ел болып жаңа мазмұнда атап өтудеміз.
Осыдан 33 жыл бұрын 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Егемендік туралы» Декларация қабылданды.
Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің алғышарты болған тарихи құжат.
Бүгінде елімізде Жаңа, Әділетті Қазақстан қалыптастыруда маңызды қадамдар жасалуда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында «Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді. Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз.
Халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады.
Біз бірге мақсатымызға жетеміз – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз» – деп атап өтті.
Ел Президенті «Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасын ұстанып, саяси-экономикалық, құқықтық, әлеуметтік реформаларды іске асырды.
Әлемдегі сын-қатерлерді ескере отырып еліміз ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, жаңа бағытта дамуға бет бұруда.
Бұл бағытта білім, ғылым саласына үлкен жауапкершілік артылуда.
Біздің басты мақсатымыз – Жаңа Қазақстанның білімді, әділетті, еңбекқор жастарын тәрбиелеп, ел болашағына қызмет ететін бәсекеге қабілетті маман дайындау.
Көшбасшы университетіміз ұлы мақсаттарды еңсеріп, межелі белестерді бағындыра берсін.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, білім, ғылым жолында мол табыстар тілеймін!
Халқымыздың еңсесі биік, еліміздің іргесі бүтін болсын!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ