Республика күніне арналған мерекелік шара

24 қазан, 2023

24 қазан күні «Әл-Фараби» кітапханасында егеменді еліміздің ең ардақты да мерейлі мерекесі Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік кешке Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, зиялы қауым өкілдері, оқу ордасының оқытушы-ғалымдары мен студенттер қатысты. Салтанатты жиын ҚР Әнұраны мектеп оқушылары мен АРТ-орталықтың вокалистерінің жанды дауыста орындауымен ашылды. 

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университет ұжымын айтулы мерекемен құттықтап, оқытушыларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хатын, Ректор Жансейіт Түймебаевтың Құрмет громатасын және Алғыс хаттарын табыстады.  Сонымен қатар университеттің бірқатар ұстаздары мен қызметкерлерін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Мерекелік іс-шара АРТ-орталығының кәсіби мамандары мен белсенді студенттері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Концертті «ФАРАБИ САЗЫ» ұлттық аспаптар оркестрі мен мың бұралған «ФАРАБ» шоу балеттің бишілері «Халық әндерінен попурри» музыкалық номермен ашты. Журналистика факультетінің 3 курс студенті Жеңісханқызы Сабинаның орындауындағы «Саржайлау» әні көрерменгдерге жақсы көңіл күй сыйлады. Өзінің нәзік дауысымен, «ФАРАБ» шоу балеттінің әсем биімен,  «Гәкку» әнін орындаған физика-техникалық факультетінің 2 курс магистранты Базарбай Аружан кеш қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар мерекеге қонақ ретінде шақырылған  симфоникалық оркестрдің музыканттары скрипка мен вилиончель аспабында орындаған «Палладио» шығармасы да кештің сәнін келтірді.

Халықаралық конкурстардың лауреаты, Абай атындағы Опера және балет театрының солистері Бекзат Абитов, Марғұлан Молдабеков және  физика-техникалық факультетінің 1 курс магистранты Сапина Лана «Отан» әнін орындады. Патриоттық сезімді қозғайтын бұл туындыға көрермендердің ықыласы ерекше болды.

Концерттік бағдарлама соңында барлық қатысушылар «Мен сені сүйемін, Қазақстан!» әнін шырқады.

АРТ-орталығының кәсіби мамандары мен белсенді студенттері РҚ Республика күнінне дайындаған мерекелік концерт кеш қонақтарына ерекше әсер сыйлады.