ҚазҰУ ұжымы профессор Светлана Әшімханованы мерейтойымен құттықтады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Светлана Әшімханованың 80 жылдығына арналған «Көркем әдебиет: текстология және аударма» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Дарынды педагог әрі ғалым Светлана Әшімханқызы 50 жылдан астам уақыт Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еңбек етіп келеді. Ол қазақ және шетел әдебиетін салыстырмалы зерттеуге, көркем аударма теориясы мен практикасына, қазақ классикасын түсіндіруге елеулі үлес қосты. Ғылыми-педагогикалық жұмыстары бірнеше рет мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтсақ «Еңбек ардагері» медалі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы I дәрежелі сыйлық, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы және т.б.
Ұлағатты ұстаз, ғалым Светлана Әшімханқызын құттықтауға университет ұжымы мен көрнекті ғалымдар, оқытушы-профессорлар және білім алушы жастар жиналды.
Ректор кеңесшісі Еркін Дүйсенов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта «Сіздің жоғары кәсіби дайындығыңыз бен тәжірибеңіз, ғылыми жұмысты жүргізу мен оны талдаудағы біліктілігіңіз мол. Ғылым мен инновацияға деген аса қызығушылығыңыз, үш тілді еркін меңгеруіңіз және тұлға ретіндегі табандылығыңыз ең жоғары бағаға лайық. Сіздің «Ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру және жоспарлау» атты құнды курсыңыздың арқасында біздің жас ғалымдар ғылыми жұмыс жүргізудің негізін меңгеріп, оң нәтижелер көрсетуде. Сіздің көптеген түлектеріңіз шетелдік филология және аударма кафедрасында жұмыс істейді, ғылым жолына қадам басуда. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға табыс тілеймін!»,- делінген.
Сондай-ақ, шара барысында ғалымды мерейтойымен құттықтап, ғылым мен білімге сіңірген еңбегі мен қомақты үлесі жайлы әріптестері мен замандастары баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі