ҚазҰУ Scopus Awards халықаралық сыйлығын иеленді
Ғылымға қосқан үлес үшін ғалымдар мен университеттерге Scopus Awards Kazakhstan 2023 сыйлығын табыстау рәсімінің салтанаты өтті. Бұл халықаралық сыйлық Elsevier ғылыми ірі баспасы тарапынан тағайындалған болатын.
Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Societal Impact of Research: Medical Sciences and Agricultural Sciences» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Жыл сайын ҚазҰУ мен университет ғалымдары жарияланымдық белсенділігі үшін Scopus Award сыйлығын алады. Бұл университет зерттеушілерінің ғылыми өнімділігін объективті бағалау болып табылады. Жүзеге асырылып жатқан ғылыми еңбектерді жоғары рейтингті журналдарда жариялау, ғылыми жарияланымдардың квартиліне негізделген мақалаларды марапаттау, шетелдік ғалымдармен ынтымақтастықты арттыру, постдокторантураны енгізу және басқа да шаралар халықаралық дерекқорлардағы басылым белсенділігі мен дәйексөздердің жоғары қарқынының кепілі болды.
Халықаралық Scopus Awards – ғалымдар жетістіктерінің объективті көрсеткіші. Жеке автордың отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі халықаралық журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар мен оларға сілтемелер санымен өлшенеді және субъективті бағалауды алып тастайды. Сыйлық жыл сайын халықаралық Scopus деректер базасынан алынған ақпарат негізінде ең көп жарияланған ғалымдар мен университеттерге беріледі. Бұл рәсім ғалымдар мен университет басшылығын алдағы жетістіктерге және тиімді зерттеу ортасын қалыптастыруға ынталандырады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі