ҚазҰУ-да Ерлан Қаринмен кездесу өтті
Бүгін әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында ІІ Халықаралық Фараби форумы шеңберінде «Жаһандану жағдайындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында «Политолог» студенттік дискуссиялық клуб мәжілісі өтті.
Клуб мүшелерімен танымал қазақстандық саясаттанушы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры, саяси ғылымдар кандидаты Ерлан Қарин кездесті. Және өзінің «Солдаты Халифата»: мифы и реальность» атты жаңа кітабымен таныстырды.
Ерлан Қарин бұл клуб отырысына бірнеше рет келіп, студенттермен, философия және саясаттану факультетімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасалып келетінін атап өтті. Кездесуге келген факультетінің «Политолог» клубының белсенді студенттерімен қауышқанына ризашылығын білдіріп, «Халифат әскерлері» радикалды тобының құрылуы, қызметтері және оның қауіп-қатерлері туралы, Қазақстандағы терроризмге қатысты фактілеріне қалай зерттеу жұмыстарын жасағанын айтып өтті. Зерттеу барысында бірнеше аймақта 19 топ жұмыс істеп, тек қылмыстық іске қатысты дерекке тоқталмай, екінші жағынан әлеуметтанушылар көмегіне жүгініп, істі жан-жақты қарастыру керектігі жайында тоқталды. Е. Қарин белгілі бір ұйым жұмысы жайында берілген ақпарат туралы қайнар көздердің өзін нақты әрі жітік тексеріп, мұқият зерттеу жұмыстарын жүргізіп, БАҚ-та берілу барысын да бақылауды ұмытпаған жөн деді.
Студенттер кездесу барысында кітаптың қалай жазылғандығы туралы, шетелдік терроризм туралы, Қазақстан мен шетелдердегі қақтығыстар көріністері туралы сауалдарына толық жауап ала алды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі