«Абайтану» республикалық оқу-әдістемелік семинары өтті
Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының базасында «Абайтану» атты республикалық оқу-әдістемелік семинар өткізді.
Семинар бағдарламасына сәйкес тыңдаушыларға Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев, ҚазҰУ профессорлары, әдебиеттанушы-ғалымдар Қанипаш Мәдібаева, Темірғали Есембеков, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры Рахымжан Тұрысбеков, ғалым Дандай Ысқақов абайтанудың заманауи мәселелері, абайтану тарихы бойынша дәріс оқыды. Орта мектептің «Абайтану» пәнінің мұғалімдеріне арналған семинарда инновациялық мазмұн, инновациялық технологиялар қарастырылды. Сондай-ақ семинарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ҒЗИ-дің сайтының құрылымы таныстырылып, абайтану бойынша қосымша материалдар ұсынылды.
«Талдықорған қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің №2 орта мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Л. Байсова, Алматы облысы, Іле ауданы, Н.Тілендиев ауылындағы №26 орта мектебінің мұғалімі Р. Атабаева, Көкөзек Алматы облысы, Қарасай ауданы Көкөзек орта мектебінің мұғалімі К. Кемелова өз тәжірибелерімен бөлісіп, жүргізген сабақтары бойынша әдістемелік кеңестерін айтып өтті.
Тыңдаушыларға «Абайтану» оқу-әдістемелік семинарының бағдарламасын толық игергені туралы арнайы сертификат берілді. Тыңдаушылардың семинар бағдарламасы бойынша дайындаған әдістемелік зерттеу жұмыстары мақала түрінде Абай институтының вебсайтында http://abai-inst.kz/ және «Абай институтының хабаршысы» журналында жарияланады. Семинардың орта мектеп мұғалімдері үшін берері мол болды.