РҒА академиктері Асқар Ақаев пен Роберт Нигматулин ҚазҰУ ғалымдарымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ресей Ғылым академиясының академигі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Асқар Ақаев пен Ресей Ғылым академиясының академигі, РҒА Мұхиттану институтының ғылыми жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Роберт Нигматулин механика-математика факультетінің ғалымдарымен, оқытушыларымен және студенттерімен кездесті.
Белгілі ғалымдар ҚазҰУ-да өтіп жатқан «Экономиканы декарбонизациялаудың жаңа жолы (KZGT-2023)» тақырыбындағы І халықаралық ғылыми конференцияға қатысуда.
Құрметті қонақтар алдымен механика-математика факультетінің қызметімен танысып, сұйықтық және газ зертханасын аралап көрді. Кейін академиктер факультет ұжымымен кездесті.
Тұрақты даму мақсаттарының 13-ші және 15-ші бағыты бойынша өткен шараның мақсаты – энергетика, экология, экономика салаларындағы өзекті проблемаларды талқылау, ғылыми тәжірибе алмасу.
Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев танымал ғалымдардың еңбегі мен ғылымға қосқан ерекше үлесін атап өтті.
«Ғылым саласындағы атақты ғалымдармен жүздесіп, олардың дәрістерін тыңдау біздің студенттер үшін мақтаныш және үлкен мүмкіндік. Асқар Ақаев пен Роберт Нигматулин әлемдік деңгейдегі ірі ғалымдар. Бүгінгі кездесу көрші мемлекет арасындағы ғылым мен білім саласын ілгерілетуге және ғылыми байланысты жан-жақты дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді ректор.
Ғалымдар оқытушылар мен студенттерге тұрақты даму, жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы жобаларын таныстырып, бүгінде бүкіл әлем ғалымдарының алдында тұрған өзекті мәселелер мен сын-тегеуріндерге тоқталды. Сонымен қатар құрметті қонақтар өздерінің ғылым саласындағы қызықты оқиғаларымен және естеліктерімен бөлісті.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Пікірталас барысында қатысушылар ғалымдарға сұрақтарын қойып, мазмұнды жауап алды.
Жүздесуден соң Асқар Ақаев пен Роберт Нигматулин ҚазҰУ қалашығын аралап, Процестік инновациялар орталығының, химия және химиялық технология, физика-техникалық факультеттерінің жұмысымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі