Кастамону университетінде тағылымдамадан өтудемін
Мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті «Әдебиеттану» мамандығының 2-курс докторантымын.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында тағылымдамадан өту үшін биылғы қараша айының басында Түркиядағы Кастамону университетіне келдім.
Менің шетелдік жетекшім, профессор Орхан Сөйлемез – түрік әдебиетімен қатар, қазақ әдебиеті бойынша да көптеген ғылыми еңбектер жазып жүрген ғалым.
Қазақ әдебиеті туындыларын түрік оқырмандарына таныстыруда да еңбегі бар. Жақында ғана 100 жылдық мерейтойы аталып өткен қазақтың көрнекті жазушысы Кемел Тоқаевтың да шығармаларын түрік тіліне аударған.
Жақында түркиялық ұстазымның дәрісінде отырған сәтімде Кастамону университетіне Анкарадағы Қазақстан елшілігінен қонақтар келгенін естідім.
Қазақстанның Анкарадағы елшілігіндегі екінші хатшы Ардақ Бекенова мен елшілік қызметкері Ербол Жұмабек ең алдымен қазақ пен түрік әдебиеті ортасында байланыс орнатып жүрген профессор Орхан Сөйлемезбен жүздесуді ұйғарыпты.
Менің тағылымдамадан өтуге келген уақытыммен сәйкес түскен бұл кездесуге мен де қуандым. Қазіргі уақытта Кастамону университетінде Қазақстаннан барлығы 45 білім алушы бар. Осы орайда, елшілік қызметкерлері қазақ жастарымен танысып, байланыс орнату мақсатында арнайы кездесу ұйымдастыруды жоспарлап келген екен. Елшілік қызметкерлері ұстаз Орхан Сөйлемезбен түркі әдебиетін дамыту жайлы пікір алмасты. Одан кейін қазақ жастарымен өтетін кездесуге қатыстым.
Елшілік қызметкері Е.Жұмабек Кастамону университетінің түлегі болғандықтан, осы оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан.
Елшіліктен келген өкілдермен кездесуге Кастамонудағы барлық қазақ жастары қатысып, өзара танысып, көкейлеріндегі өтініш-тілектерімен бөлісіп, емен-жарқын сұхбаттасу болды.
Алдағы уақытта елшілік тарапынан ұйымдастырылатын мәдени-спорттық шараларға қазақстандық жастар белсене атсалысып, қатысып тұратын болды. Таяу күндері қазақ жастарының футболдан өткізілетін жарысқа қатысу жайы сөз болды.
Кездесуде Қазақстанның Анкарадағы елшілігіндегі екінші хатшы Ардақ Бекенова мен елшілік қызметкері Ербол Жұмабек қазақ жастарымен танысып, пікірлесіп, сұрақтарына жауап берді.
Біз үшін елшілік қолдауын көріп, өзара байланысымызды нығайту өте маңызды.
Кастамону университетіндегі бұл кездесу қазақ жастарына ерекше көңіл-күй сыйлады
Қарлығаш ДОСАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті
«Әдебиеттану» мамандығының 2-курс докторанты
Түркия, Кастамону қаласы