ҚАЗҰУ-ҒА QS ASIA UNIVERSITY RANKINGS 2024 СЕРТИФИКАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

10 қараша, 2023

2023 жылдың 8 қарашасында жарияланған QS Asia University Rankings халықаралық рейтингінің қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 856 қатысушы ЖОО арасында 29-орынға ие болды. Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында 2023 жылғы 7-9 қараша аралығында Азия-Тынық мұхиты аймағында жоғары білім беру мәселелері бойынша QS саммитін өткізу кезінде 2023 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне QS Asia University Rankings халықаралық рейтингінің сертификатын тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Саммит жұмысына Азия-Тынық мұхиты, Азия және Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарынан 500-ден астам ғалымдар қатысты.

Жоғары оқу орнының басшылығы мен ұжымын құттықтай отырып, QS рейтингтік агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбов университеттің жоғары кәсіби командасының үйлесімді жұмысының арқасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тағы бір биік белесті бағындырғанын атап өтті. QS  өкілі университет ұжымына рейтингтерде жаңа табыстарға жетіп,  жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықаралық аренада танылуда үлкен мақсаттар мен ауқымды жоспарларды тиімді  іске асыра беруіне тілектестігін білдірді.

Марапаттау рәсімінде халықаралық қатынастар факультетінің деканы Деловарова Лейла Федоровна QS рейтингі қазақстандық жоғары оқу орындары үшін университеттердің көрсеткіштерін одан әрі жақсарту үшін ынталандыру мен мотивация беретін имидждік позициялаудың өзіндік алаңына айналғанын атап өтті.

Қорытындылау рәсімінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туралы бейнеролик көрсетіліп, 2024 жылғы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім беру мәселелері жөніндегі QS саммитінің ресми өтетін орны жарияланды. Саммит жұмысын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткізу жоспарланып отыр.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форумда сөйлеген сөзінде бүгін QS әлемдік рейтингінде Қазақстанның 30-дан астам университеті ұсынылғанын атап өтті.

Ғылыми орта, өнеркәсіп және саясат сарапшылары арасындағы пікірталас мүмкіндігінің арқасында бұл іс-шара университеттердің студенттерді қоғамның үнемі өзгеріп отыратын шындықтарына, тиімді жаһандық өзара іс-қимылға, одан әрі ашылулар мен тұрақты дамуға қалай дайындай алатынын жақсырақ түсінуге ықпал етуге арналған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі