Мажарстан профессоры ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс өткізді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Globalia» компаниясының бас директоры, Мажарстан профессоры Габор Шаги «Қазақстанның энергия тізбегіне жаңартылатын энергетиканы интеграциялау мүмкіндіктері» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Жиында Әл-Фараби атындағы Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова сөз алып, Габор Шагидің басшылығымен Қазақстанда «Күн парктері», «Кәсіп және IT-консалтинг», «Банктік сүйемелдеу» және басқа да бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Биылғы 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанмен кездесуі өтті. Кездесуде маңызды келісімдерге қол қойылды, ондағы шарт бойынша «Globalia» компаниясы Қазақстанның бірнеше өңірінде күн энергиясы станцияларын салады. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді проректор.
Профессор Габор Шаги ҚазҰУ басшылығының қабылдауына алғыс айтып, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты. Профессордың дәрісі «Қазақстанның энергия тізбегіне жаңартылатын энергетиканы интеграциялау мүмкіндіктері» тақырыбына арналды, әсіресе тұрақты даму мақсаттарының күн тәртібі тұрғысынан бұл өзекті.
2022 жылдың маусымында Globalia Kft. Қазақстанда ХҚО «Астана» (AFC) аумағында қоршаған ортаны қорғауға байланысты қызметтер көрсететін KAZ global Ltd компаниясының кеңсесін ашты. «Біз Қазақстан аумағында көптеген жобаларды жүзеге асырамыз. Мәселен, Атырау облысында жаңартылатын энергетиканы дамытудың кешенді өңірлік бағдарламасы енгізілді. 1200 тұрғыны бар елді мекендерді электрмен жабдықтауды Арал режимінде күн батареялары паркі қамтамасыз етеді», - деді профессор. Ол сондай-ақ Киото хаттамасын ратификациялау барысында Қазақстан өзіне жаңартылатын энергия көздері есебінен елдің электр энергиясының едәуір үлесін өндіру бойынша маңызды міндет қойғанын атап өтті. Алға қойылған мақсаттарға сүйене отырып, Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері есебінен электр энергиясын өндірудің 30 пайызына қол жеткізуге ниетті.
«2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға жетуі тиіс. Қазақстан пайдалы қазбаларға бай ел ғана емес, сонымен қатар күн энергиясының көмегімен электр энергиясын өндіру үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Географиялық және экологиялық жағдайларға сүйене отырып, Қазақстан экономикасында, оның энергетикалық секторында маңызды рөл атқара алатын күн энергиясының әлеуеті кең, бірақ әлі де дұрыс пайдаланылмаған тұстары бар», - деді дәріскер.
Профессор энергетика секторына теріс әсер ететін және жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіретін қуаттардың динамикалық таралуына кедергі келтіретін негізгі факторлар мен мәселелерді атап өтті. Дәріскер Қазақстан өзінің энергия жүйесінде жаңартылатын энергия көздерін барынша пайдалануы керек екенін, сондай-ақ «Қазақстан мемлекет бюджетке түсетін жүктемені барынша азайту, өзінің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру және энергияның сыртқы жеткізушілеріне тәуелділікті азайту үшін энергия өндіру жөніндегі өз қуатын ұлғайтуы қажет. Қазақстан Республикасы өңірдің энергетикасын дамытуда басты орында болуға тиіс», - деді Габор Шаги.
Айта кету керек, дәріс тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында өтіп, профессор жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі