ҚР Қаржы министрлігі ҚазҰУ оқытушыларына алғыс білдірді
ҚР Қаржы министрлігі 15 қараша – ұлттық валюта және қаржыгерлер күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаевтың атына университеттің Қаржы және есеп кафедрасы оқытушыларының кәсібилігін атап өтіп, Алғыс хат жолдады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес Жоғары мектебінің Қаржы және есеп кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы Халықаралық аудит және қаржылық есептілік стандарттарын ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару жөніндегі комиссия құрамында ҚР Қаржы министрлігімен ынтымақтастықта жұмыс атқарып келеді.
Ұжымның жемісті және табысты жұмысын жоғары бағалаған ҚР Қаржы министрлігі кафедра доценттері Мәди Байдәулетов, Бақыт Сұлтанова, Гүлнар Нұрғалиева, Жанар Оралбаева, аға оқытушылар Альмира Арыстамбаева және Гүлнар Жүнісованың еңбектерін ерекше атап өтті.
«Нормативтік актілердің сапалы аудармасы бухгалтерлік есеп, аудит және қаржы саласындағы болашақ мамандардың кәсібилігін қалыптастыру мақсатында бизнес орта мен оқу үрдісі шеңберінде де қажет.
Бұл ынтымақтастық Тұрақты даму мақсаттарының 4 тармағына сәйкес жан-жақты және әділ сапалы білім беру мен өмір бойы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді іске асыруға мүмкіндік береді» – делінген Алғыс хатта
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі