ЭКОНОМИКАНЫ ДЕКАРБОНИЗАЦИЯЛАУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ     

14 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы Казақ ұлттық университетінде 8-9 қараша аралығында «Экономиканы декарбонизациялаудың жаңа жолы (KZGT-2023)»   атты  бірінші халықаралық конференция өтті. Экономиканы декарбонизациялау тұрақты дамудың қажетті шарты болып табылады және жаһандық климаттың өзгеруінің апатты салдарын болдырмауға бағытталған.

Қазақстан, бүкіл әлемдік қоғамдастық сияқты, тұрақты және үдемелі экономикалық өсуді, қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін және әріптестік пен бейбітшілік жағдайында қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, жаһандық климаттық өзгерістерге бейімделу жолдарын белсенді іздестіруде. 2023 жылдың басында "Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы" қабылданды, оның алдында "Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасын" іске асыру, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын имплементациялау жөніндегі үлкен және көпсалалы жұмыс жасалды.

Конференцияда жеті түрлі бағыт бойынша 7 секция жұмыс істеді. "Экологиялық тұрақтылық, экономиканың әлеуметтік жауапкершілігі" секциясын Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы ұйымдастырып, өткізді. Секцияның модератор жұмысын кафедра меңгерушісі, профессор м.а., география ғылымдарының кандидаты Т. А. Базарбаева атқарды.

Секцияның мақсаты - экономиканы декарбонизациялау жолында қоғамның экологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру үшін ең оңтайлы шешімдерді көрсету. 

Секция жұмысына 30дан астам адам, оның ішінде Индонезиядан келген исламдық қаржы жөніндегі маман, сондай – ақ Қазақстан мен Өзбекстаннан келген Орталық Азия университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері –

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚР ҰӘМ Экономика институты, Нүкіс тау-кен институты және т. б. қатысты.

Секцияда  баяндамашылар қазіргі академиялық қауымдастық, университет ғалымдары мен мамандары өздерінің ғылыми зерттеулері мен әзірлемелерімен, сапалы оқытуларымен және қоғам мүшелерінің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруымен тұрақты дамуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге әсер етіп, экономиканы декарбонизациялаудың өзекті мәселелерін шешу және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін білім құрайтынын атап өтті. Көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту және атмосфералық ауаның сапасын басқару; экожүйелерді сақтау, олардың табиғи-экономикалық әлеуетін және экожүйелік қызметтерін бағалау; тұрақты табиғатты пайдалану және ресурс үнемдеу; бизнестің әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігін бағалауға мүмкіндік беретін Жасыл экономика мен қазіргі заманғы стандарттарды енгізу, экологиялық таза қалалар құру; БАҚ-та климаттың өзгеруі мен орнықты даму мәселелерін жариялау және, әрине, олар үшін ғылымды, білім беруді және халықаралық ынтымақтастықты дамытуын жүзеге асырылуда.

Секцияға ұсынылған баяндамалар мен талқылауды қорытындылау келесі ұсыныстарды  тұжырымдауға мүмкіндік берді:

-  халықаралық және республикалық ғылыми бағдарламалар мен жобалар конкурстарына қатысу арқылы жасыл технологияларды, қоршаған ортаны басқарудың озық әдістері мен тәсілдерін құруға және енгізуге бағытталған ғылыми зерттеулерді жалғастыру;

 - бакалавриат, магистратура, орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік және экономиканы декарбонизациялау жөніндегі докторантура бағдарламалары арқылы мамандарды даярлауды жетілдіру, мүдделі ұйымдарды, жұмыс берушілерді: мемлекеттік және жеке секторды, өнеркәсіптік кәсіпорындарды тарта отырып, практикалық дағдылар мен құзыреттерді алуға бағытталған жаңа пәнаралық білім беру бағдарламаларын, пәндердің оқу курстарын құру;

-  студенттік старт-апптарды, бірлестіктерді, одақтарды, волонтерлік бастамаларды құру және ілгерілету арқылы секция тақырыбы бойынша білім беру, ғылыми және әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды іске асыруда жастардың әлеуетін арттыруға ықпал ету;

- "Ұрпақтар арқылы жасыл көпір" ақпараттық-коммуникативтік онлайн платформасын пайдалана отырып, ақпарат, тәжірибе алмасу және бірлескен пәнаралық инновациялық жобалар үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту https://greenbridgework.kaznu.kz/;

қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарына Үкіметтің, Бизнестің және азаматтық қоғамның бастамаларын қоса алғанда, экологиялық тұрақты дамуды қолдау үшін қозғалысты дамытуға жәрдемдесу және үздік тәжірибені насихаттауды ұсыну.

 

Базарбаева Т.А.

доцент, г.ғ.к., Тұрақты даму

бойынша ЮНЕСКО кафедрасының

меңгерушісі,

 

Жолдасбек А.Е.

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО

кафедрасының оқытушысы