ҚазҰУ ғылыми байланыстарын кеңейтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ләззат Ералиевамен және биология ғылымының докторы, Орегон ұлттық приматтарды зерттеу орталығы және АҚШ-тың Діңгекті жасушалар орталығының және ҚазҰУ профессоры Шухрат Миталиповпен кездесті.
Тараптар жоғары білім және ғылым саласында бірлескен мақсаттарды іске асырудағы жаңа мүмкіндіктерді қарастырып, ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Ректор Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды университет жетістіктерімен және алдағы жоспарларымен таныстырып, шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен бірлесе іске асырылып отырған әріптестік тәжірибелерімен бөлісті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу мәртебесін алғаннан кейін ғылымға басымдық беру бағыттарын күшейтуде. Бүгінде университет ғалымдары 100 инновациялық жоба әзірлеп шықты. Қазіргі таңда ғылыми жобаларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар білім мен ғылымды дамыту мақсатында шетелдің көшбасшы университеттерімен серіктестікті жандандырып келеміз», - деді ректор.
Өз кезегінде қонақтар оқу ордасының басшысына ризашылықтарын білдіріп, ынтымақтастық пен ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екеніндіктерін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі