Ректор Жанғара Дәдебаевты 75 жасымен құттықтады

16 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев әдебиеттанушы ғалым, Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевпен жүздесті.

Кездесуде оқу ордасының басшысы көрнекті ғалымды мерейлі 75 жасымен құттықтап, құрмет көрсетті.

«Сіз қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан тұлғасыз. Сіздің жасаған жұмыстарыңыз болашақ жастар үшін өте өзекті және ешқашан құндылығын жоғалтпайды деп санаймын. Жастардың қамқоршысы болып, білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз. Бүгінде Абай ғылыми-зерттеу институтын басқарып, түрлі халықаралық дәрежедегі конференциялар өткізіп, айтулы жетістіктерге қол жеткізіп келесіз. Мерейлі 75 жасыңыз құтты болсын! – деп жылы лебізін білдірді.

Өз кезегінде профессор Жанғара Дәдебаев ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаевқа ризашылығын жеткізіп, жұмысына сәттілік тіледі.            

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі