Қалалық сенбілікке ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары, қалашық тұрғындары жұмылдырылды. Тазалық шарасына универсиитет ұжымы мен студенттер бір кісідей ат салысты.
Нәтижесінде көше бойындағы қоқыстар шығарылып, ғимарат нысандарының алдымен ағаш түптері әктеліп, сырланды. Қаламызды көгалдандыру мен қоса абаттандыру, қоршаған ортамызды ластамай табиғат ана берген сыйды қастерлеп, оның аса маңыздылығымен жауапкершілігін сезіне білуіміз шарт. Алдағы күндері қара шаңырағымызда өтетін наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты да осы болса керек. Көгілдір көктем келіп, жер аяғы кеңіген сәтте студенттердің ғана емес ҚазҰУ ұжымының бірлесіп атқарған бұл әрекеті құптарлық іс.
Себебі кез келген пенде табиғаттың билеушісі. Табиғат адам үшін жаратылған, ал адам оның иесі болып табылады. Сондықтан да жаратушымыз берген мұндай сыйды қашанда бағалай білгеніміз абзал. Асылында біз табиғат ресурстарын жөнсіз, олар таусылмайтындай пайдаланып, қоршаған ортамызды күл-қоқыстармен, түрлі тұрмыстық заттармен ластап жатқанымыз табиғат-анаға жасалған қиянат емес пе? Сенбілік аясында Хамит Ерғали атындағы жағалауды тазалаған журналистика факультетінің 2-курс студенті Айнұр Махамбетова: «Сенбілік шарасы жиі-жиі ұйымдастырылап тұрса, қаламызда экологиялық проблемалар болмас еді» деген салиқалы пікір айтты. Ал Баспа ісі және дизайн кафедрасының аға оқытушысы Ақмөлдір Тілепберген: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді қазақ. Осындай шараларда қаламыздың көркеюі мен өркендеп өсу жолында бірлесіп жұмыс атқарар болсақ, қала тазалығына бей-жай қарамайтын болсақ, ортақ үйіміздің әсемденуіне әрбіріміз титтей де болса өз үлесімізді қосар болсақ отанымызға деген, туған жерге, елге деген махаббатымызды арттыра түсеміз. Сол себептенде, бәріміз игі істерімізбен, сауап алуға амал жасағанымыз абзалырақ», - дейді.
Қоршаған ортамыздың тазалығы үшін барынша еңбек етіп, соның көркеюі үшін тер төгер болсақ, кейін оның жемісін көреріміз анық. Өйткені, экологиялық мәселелерді шешу ең алдымен адамның өзінің өзгеруінен басталатынын ескерсек, табиғаттың – сұлулықтың қайнар көзі екенін естен шығармағанымыз жөн.