Ректор Литваның Қазақстандағы елшісімен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Литва Республикасының Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы және Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Эгидиюс Навикаспен кездесті.
Жүздесуде университет басшысы құрметті қонаққа ҚазҰУ-дың жетістіктері туралы ақпарат беріп, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды.
Университет басшысы Жансейіт Түймебаев өз сөзінде білім ордасы ғылым мен білімді дамыту саласында Литваның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінде шетелдік университеттермен және ғылыми институттармен тығыз қарым-қатынасты арттырып келеді. Қазіргі таңда ҚазҰУ Литваның төрт жоғары оқу орнымен келісім орнатқан. Серіктестіктің арқасында оқытушылар мен студенттерді академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша алмасу жұмыстары жақсы дамуда. Дегенмен аталған жұмыстармен тоқтап қалмай, ғылыми бағытта Литваның өзге де жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту аса маңызды», – деді ректор.
Эгидиюс Навикас бүгінгі кездесу жаңа бастамаларды жүзеге асыруға сеп болатынын айтып, өз ұсынысын жеткізді.
«ҚазҰУ – Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы көшбасшы университет. Сондықтан алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнымен байланысты арттыру біз үшін де аса қажет. Серіктестікті арттыруға бағытталған барлық бастамаларды қолдай отырып, алдағы уақытта халықаралық қатынастар факультетінде Литваның аудиториясын ашуды ұсынамын. Бұл екі елдің ынтымақтастығын одан әрі айқындайтын бастама болары сөзсіз», – деді елші.
Кездесу соңында тараптар аталған ұсыныстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі