ҚазҰУ Шыңжаң институтымен бірлескен зертхана ашады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚХР Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты басшысының орынбасары Джилили Абдувайли бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Жүздесуде тараптар ҚазҰУ-да Қазақстан-Қытай бірлескен Жерді қашықтықтан зондтау технологиялық зертханасын ашу жұмыстарын талқылады. Зертхана 2024 жылдың қаңтар айында география және табиғатты пайдалану факультетінің базасында ашылмақ.
Кездесу барысында оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға ҚазҰУ-дың ғылыми жетістіктерін таныстырып, ашылғалы жатқан зертхана екі университеттің ғылыми байланысын арттыратынын атап өтті.
«ҚазҰУ мен Шыңжаң экология және география институтының ғалымдары әзірлеген түрлі инновациялық жобалар жеткілікті. Алдағы уақытта зертхана ашылғаннан кейін екі оқу ордасының ғалымдары бірлесіп жұмыс істеп, ғылыми жобалармен алмасулары қажет деп санаймын. Бұл, біріншіден, ғылыми жобаны зерттеу үшін кететін уақытты үнемдейді; екіншіден, тәжірибе алмасуға септігін тигізеді», – деді ректор.
Өз кезегінде Шыңжаң экология және география институты басшысының орынбасары Джилили Абдувайли зертханада тұратын барлық құрылғылар сатып алынғанын және жақын арада ҚазҰУ-ға жеткізілетінін айтты.
Кездесу соңында тараптар зертхананы ашу жұмыстарын жеделдетуге және сапалы жүргізуге уағдаласты.
Жүздесуден кейін құрметті қонақтар биология және биотехнология, химия және химиялық технология, география және табиғатты пайдалану факультеттеріндегі ғылыми зертханаларды аралап, қызметімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі