Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілеріне арналған семинар-тренинг өтті
16 қазанда Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы аясында Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастыруымен тұңғыш рет мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілеріне арналған бір айлық курс басталған болатын.
Осы бір айлық курстың негізінде бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында балабақша педагогтарына арналған семинар-тренинг өтті.
Мақсат – тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, жаңа әдіс-тәсілдер арқылы балаларды тәрбиелеу және кәсіби деңгейін көтеру.
Ашық диалог форматында өткен шараға Алматы қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардан келген 2 200-ден аса педагог қатысты.
Семинар-тренинг барысында Сингапур, Германия, Польша, Финляндия және Ресейден келген спикерлер сөз сөйлеп, педагог пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты дамыту және жаңа технологияларды игере отырып балаларға сабақ беру мәселелерін талқылады.
«Бір айлық курс аясында педагогтар авторлық курс жазады. Нәтижесінде жеңімпаз атанған тәрбиешілер тағылымдамадан өту үшін шетелге баратын болады. Аталған курс 156 академиялық сағатқа бағытталған және қараша айының соңына дейін жалғасады», - деді Алматы қаласы білім басқармасы мектепке дейінгі білім бөлімінің бас маманы Ұлжан Батырбаева.
Тренинг барысында қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі