«Жеңіске қалды бір қадам!» дәстүрлі жарыс өтті

15 сәуір, 2015

Химия және химиялық технология факультеті «Физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы» кафедрасының бастамасы мен факультеттің «Атамекен патриоттар» клубы, «Маслихат» және «Сұңқар» кәсіподақ комитетінің белсенді студенттерінің ұйымдастыруымен «Жеңіске қалды бір қадам!» дәстүрлі жарыс өтті.

Эстафеталық дода барысында жан-жақтылық, яғни бүгінгі заман талабына сай әр тұлғаның бойынан табылу керек жағымды қасиет басты назарға алынды. Бұл жарыстың мақсаты студенттерді білімге, ғылымға, салауатты өмір салтын ұстануға, өнерлерін шыңдауға тәрбиелеу және ұйымшылдық пен ауызбіршілікке баулу болып табылды. Жарысқа 1-3 курс оқу топтарынан 9 топ қатысты. Сонымен қатар, ұйымдастыруға факультеттің барлық кафедралары атсалысты.

Сайыс өзінің қызықтылығымен ерекшеленді. Яғни, жарысқа қатысушы топтарға қолдарына берілген карта бойынша белгіленген жерлерде жасырылған тапсырмаларды 5-7 минут ішінде орындап, топтарына берілген түске байланысты кілттің бір бөлігін алып, МӘРЕГЕ әкеліп құрастыру. Қай топтың кілті тез құрастырылса, сол бойынша жеңіске жетті деген сөз.

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының меңгерушісі Ермек Айтқазыұлы жарысты ашық деп жариялап, барлық жарысқа қатысушы топтарға сәттілік тіледі.

Жарыс басталып та кетті. Алдын ала дайындалған 11 бекет межелеген уақытында топтарды қабылдай бастады.

Мақсатқа сәйкес факультеттің кафедраларына байланысты келесі бекеттер: «Бірімжанов бекеті», «Полимер бекеті», «Органика және ТҚХ бекеті», «Катализ және мұнайхимиясы бекеті», «Физхимия бекеті», «Аналитика және коллоид бекеті» және «Химфизика бекеті». Сонымен қатар, «Деканат бекеті», «әл-Фараби бекеті», «Патриоттар бекеті» және «Парламент бекеті» болды.

Негізінде әрбір бекеттердің өзіндік маңыздары болды. Мысалы айтатын болсақ, «әл-Фараби» бекеті, мұнда ойшыл-ғалым, ұлы философтың туған жылынан бастап, трактаттарына дейін еске түсіріп, алтын ұямыздың қадір-қасиетін бір сезінгендей болды. Ал «Деканат бекетінде» студенттердің тек қана білімге қатысты ғана емес, сонымен қатар университетіміздің ішкі-сыртқы істерінен де мәлім болды. Патриоттар және Парламент бекеттері топтардың саясаттан хабарын саралап, еліміздің көк туын әлемге паш етіп жүрген ел мақтаныштарымыз жайлы сұрақ жаудырса, ал кафедраларға байланысты бекеттерде оқытушы-профессорлар құрамы қарсы алып, өз кафедрасынан бастап таныстырып, артынша ойын шартына байланысты сұрақтарын қойып топтарының түсіне байланысты кілттің бөлшегін таратып отырды.

Жалпы әр бекеттің өзіндік ерекшеліктері жарыстың қызықты да, тартымды өтуіне өз үлесін қосты.

Жарыс өте қызықты өтті. Жеңімпаз топтар анықталып, мәреге алғаш болып ОЗХТ-304 «Алаш» тобы келсе, екінші ХИ-201 «Супер ХИ» және үшінші болып ОЗХТ-204 «Титан» топтары жетті. Қатысушы қалған топтар да дипломмен марапатталып, ой-пікірлерімен және жарыс барысындағы қызықты сәттермен бөлісті. Факультетіміздің оқу-ісі жөніндегі декан орынбасары Балақыз Қымызқалиқызы да өзінің алған әсерін ортаға салып, сөз соңында бұл шараның жасамыс жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беруде таптырмас тиімді құрал екендігін жеткізді.

Жарысты ұйымдастырған Гүлбану Жақсылыққызына, ұйымдастыруға үлкен атсалысқан факультеттің «Атамекен патриоттар» клубы, «Маслихат» және «Сұңқар» кәсіподақ комитетінің белсенді студенттеріне шексіз алғыстар айтылды.


«Физикалық химия, катализ және мұнайхимия» кафедрасы