Йокогаманың Тоин университеті мен ҚазҰУ меморандумға қол қойды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Йокогаманың Тоин университетінің (Жапония) профессоры Томонобу Сакурай жеке сапарымен келіп қайтты. Жапон профессорын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова қарсы алды.
Кездесуде проректор ҚазҰУ-дың Жапония жоғары оқу орындарымен, оның ішінде Йокогаманың Тоин университетімен ынтымақтастықтың тиімді іске асырылып отырғанын атап өтті.
2022/23 оқу жылы ішінде ҚазҰУ-дың докторантура, магистратура және бакалавриат бағдарламалары бойынша 56 білім алушысы Жапония ЖОО-ларында академиялық ұтқырлық бойынша тағылымдамадан өтті, сондай-ақ 15 оқытушы біліктілігін арттыру үшін және ғылыми конференцияларға қатысу мақсатында Жапонияға барды.
2019 жылы Цукуба университеті (Жапония) мен ҚазҰУ арасында CiC меморандумына қол қойылған. Бүгінгі таңда «Кампус ішіндегі кампус» жобасы аясында студенттер мен оқытушыларға арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. «Кампус ішіндегі кампус» жобасы – ғылыми-білім беру ресурстарын ұлттық немесе институционалдық кедергісіз пайдалану үшін серіктес университеттердің кампустарын ортақ пайдалану бастамасы.
ҚазҰУ-да 1998 жылдан бері шығыстану факультетінде жапон тілі мен әдебиеті бөлімі жұмыс істейді. Жапон тілі мен әдебиеті бөлімінің 30 жылдық қызмет кезеңінде 200-ден астам студент жапон тілін меңгеріп, тілдік кедергісіз ғылыми зерттеулер жүргізді.
Келіссөздер барысында тараптар ғылым және техника, медицина, құқық және халықаралық зерттеулер, денешынықтыру, денсаулық сақтау және спорт ғылымы және т.б. салалардағы ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады. Профессор Томонобу Сакурай денешынықтыру және спорт саласында маманданғанын ескере отырып, кездесуде ҚазҰУ-да ғана емес, Жапонияда да ерекше назар аударылатын тұрақты даму мәселелері талқыланды.
Профессор өз кезегінде ҚазҰУ-дың ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі жетілдіруге үлкен әлеуеті мен мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
Айта кету керек, 2022/23 және 2023/24 оқу жылдарында профессор, PhD докторы Томонобу Сакурай докторанттар мен магистранттарға арналған «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша лекциялар оқуға және онлайн семинарлар өткізуге шақырылды. Сонымен қатар сыртқы шетелдік кеңесші ретінде биыл шақырылды.
Кездесу соңында тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі