ҚазҰУ-да «GIS Day Kazakhstan» Халықаралық конференциясы
2023 жылы 18 қарашада сағат әл-Фараби кітапханасында Халықаралық ГАЖ күніне орайластырылған «GIS Day Kazakhstan» Халықаралық конференциясы өтті. Конфренцияның мақсаты - геоақпараттық жүйелер саласындағы пікірлестерді біріктіру.
Іс-шараға FAO, Whoosh, Leica және «Қазақстан Ғарыш сапары», «KazAeroSpace» сияқты халықаралық компаниялар және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Nazarbayev university, Université Grenoble Alpes ғалымдары мен оқытушылары қатысты.
Конференция ашылуында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, географиялық ақпараттық жүйелердің әр саладағы маңыздылығын атап өтті. «ГАЖ кеңістіктік деректерді талдауда, стратегиялық шешімдер қабылдауда және өзекті мәселелерді тарқатуда шешуші рөл атқарады. Біз тәжірибемізбен бөлісуге, жаңа нәрселерді үйренуге және осы саланы бірлесе дамыту үшін бас қостық. Сіздердің зерттеулеріңіз, әзірлемелеріңіз бен идеяларыңыз ГАЖ болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Жәмила Айтжанова.
Іс-шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында және АҚШ, Өзбекстан, Ресей және т.б. елдермен онлайн қосылу арқылы гибридті режимде өтті. Баяндама тақырыптары GIS платформаларын пайдалану әдістерінен бастап, AI-ді маппингте қолдануға дейінгі әртүрлі бағыттарға бағытталған. Аймақтардағы экологиялық жағдайға, сондай-ақ ГАЖ-ны қолдану арқылы зерттеу әдістеріне қатысты көптеген тақырыптық баяндамалар қарастырылды.
Сонымен пленарлық отырыста ғылым магистрі, АҚШ-тағы сәулет, жобалау, құрылыс және қоршаған орта жөніндегі Esri командасының клиенттермен жұмыс жөніндегі аға жаһандық менеджері Mehmet Secilmis «Азаматтық құрылыс пен қоршаған ортаны қорғауда геокеңістіктік технологияларды қолдану» тақырыбында сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторы, аға оқытушы, «Биосфера экологиясы» зертханасының аға ғылыми қызметкері Анар Омарова «Алматыдағы ауа ластануы» мәселесі туралы баяндады.
«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ Кеңістіктік деректер департаменті директорының орынбасары Азамат Маханов «ГАЖ платформасы: ашық цифрлық шешімдер» атты баяндамасын ұсынды.
Конференция барысында ArcGIS және Google Cloud платформаларын пайдалану бойынша практикалық білімге басты назар аударатын екі мастер-класс өткізілді.
Конференция ұйымдастырушылары: Анжелика Камза, геологиялық ДБ басқару жөніндегі маман, Рио Тинто Эксплорейшн Қазақстан, Венера Жүнісбекова, аға ГАЖ Аналитигі, Қазмырыш геологиялық барлау басқармасы, Айнұр Рысханова, ГАЖ Аналитигі, AtyrauTechInvest, Әйгерім Ілиясова, ГАЖ Аналитигі, Norsec Delta Projects, Ақмарал Тоқбергенова, ГАЖ Аналитигі, Norsec Delta Projects. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл конференция ГАЖ саласындағы білім, тәжірибе және озық әзірлемелермен алмасу үшін бірегей платформаға айналды.
Халықаралық конференцияны ұйымдастырушылар демеушілерге қолдау көрсеткені үшін зор алғыс білдіреді: «Nur A-System» ЖШС, «Leica Geosystems Kazakhstan» ЖШС, «Data +International» компаниясы, «Ионосфера институты» ЖШС, «AtyrauTechInvest Kazakhstan» ЖШС, «Norsec Delta Projects» ЖШС, «Engineering Team», «NGS» ЖШС, «TOP GEO» ЖШС.