Әбіш Кекілбаев ҚазҰУ-дың құрметті профессоры атанды
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің түлегі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлықтары мен Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми Кеңесінің шешімімен Құрметті профессор дипломы табысталды. Бұл оқу ордасының өз шәкіртіне деген құрметі мен ізеті.
Мерейтойлық шара Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған «Әбіш Кекілбаев және замана шындығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен ашылды.
Қарашаңырақтағы шараның салтанатты ашылу рәсімі Академик Бақытжан Жұмағұловтың беташар сөзімен басталды.
Ректор өз сөзінде «Әбіш Кекілбайұлы ұлт саясатының ұраншысы, Қазақстанның мемлекеттік саясатының, қазақ саяси ойлау жүйесінің шежірешісі болды. Халық мұратын, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойды», дей келе, «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде М.Әуезовтен лекция тыңдады, тәлім-тәрбие алды, әдебиет үйірмесін басқарды, талабы өсіп, таланты ашылды. Осы реттен келгенде, Әбіш Кекілбаевтың қайраткерлігі мен суреткерлігінің, өнердегі берендігі мен еңбектегі ерендгінің мөлдір бастауы, қайнар көзі Қазақ ұлттық университетінің аудиториясында, университеттің ғұлама ұстазы М.Әуезов алдында ашылған болар-ау деп ойлаймыз», - деді.
Жазушының атына құттықтаулар легі ағып жатты. Онда Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуі үшін қайраткердің қосқан үлесі мен еткен еңбегі айтылды. Арнайы сөз алған құттықтаушылар қатарында белгілі ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлеріі, республика аймақтарынан, жақын және шет елдерден келген қонақтар бар. ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.к., профессор Серік Қирабаевтың, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Есімнің, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасовтың, Ш.Айтматов атындағы әдебиет институтының директоры Әбділдажан Ахматалиевтің баяндамаларында оның Тәуелсіз Қазақстанның дамуына сіңірген ерен еңбегі жөнінде айтылды. Мерейтойға шетелден көптеген қонақтар келді. Олардың қатарында Германия, Үндістан, Қырғызстан, Ресей, Иран және АҚШ ғалымдары бар.
Пленарлық отырыс сөз өнерінің хас шебері, қайраткер қаламгер шығармашылығы жайлы «Әлемдік әдеби процесс және Ә. Кекілбаев шығармашылығы», «Ә.Кекілбаев прозасының көркемдік-эстетикалық әлемі», «Ә. Кекілбаев шығармаларындағы тарих және тағылым» үш секциямен жалғасын тапты.
Ғалымдар баяндамаларында жазушы Ә.Кекілбаевтың әлемдік және отандық мәдениетке сіңірген еңбегі туралы аз айтылған жоқ. Оны ғасыр жазушысы дейді, оның шығармалары жалпыадамзаттық жетістік деуге болады. Қаламгердің шығармашылығы тәуелсіз Қазақстанның қазіргі әдебиетінің дамуымен тығыз байланысты, ал оның шығармашылық мұрасы ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің «алтын қорына» кіреді, деп атап өтті конференцияға қатысушылар.
Қаламгер еліміздің Тәуелсіздік тарихын тек көркем шығармалары арқылы жазды деу, аздық етеді. Ол өзінің белсенді де, қуатты қоғамдық және саяси қызметімен тәуелсіз еліміздің тарихын жазуға ат салысты. Қазақ елі Ә.Кекілбаевтың сұңғыла саясаткерлігін бағалайды. Ол кәсіби Парламенттің тұңғыш төрағасы болып, еліміздегі парламентаризмнің қалыптасуына күш жұмсады. Мемлекеттік хатшы қызметіне де тағайындалды. Міне, бүгінде Сенат депутаты қызметінде де өз ісін ар алдындағы адалдықпен халқы үшін еңбек етіп келеді.
Дәл осы күні Студенттер Сарайында жазуышының мерейтойына арналған салтанатты жиын болды. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің сәлемдеме хатын оның орынбасары Серік Сейдуманов оқыды. Университет оқытушылары мен студенттері сүйікті жазушысына құшақ-құшақ гүл сыйлап, құрметтеді.
Сонымен салтанатты шерудің шешуші сәті - Әбіш Кекілбайұлына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми Кеңесінің шешімімен Құрметті профессор дипломы мен мантиясын табыстау болды. Еліміздегі бас оқу орынның Ғылыми Кеңесінің шешімін университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов жариялады.
Қарашаңырақтың қабырғасында өткен керемет кештің қорытындысы студенттер дайындаған мерейтойлық концерттік бағдарламамен тәмамдалды. Бұл осы жылда Қазақстанның іргелі оқу ордасында өткен тамаша кештердің айшықтысы болды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі