ҚазҰУ-дың Иран университеттерімен әріптестігі нығаяды

23 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Али Джоукар бастаған делегациямен кездесті.

Жүздесуде тараптар білім, ғылым саласындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.      

ҚазҰУ ректоры ирандық жоғары оқу орындарымен көпжылдық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар оқу ордасының басшысы ҚазҰУ-да Иран университеттерінен келген үш профессор дәріс оқығанын айтты.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Иранның жеті жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан. Болашақта ғылым және білім, мәдениет салаларындағы серіктестікті дамыту қажет. Қазіргі уақытта университетте 11 ирандық студент білім алуда. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта көбейтуге болады», – деді ректор.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Али Джоукар ілтипат білдіргені үшін университет ректорына алғысын білдіріп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«Екі елде қазақтану және ирантану ілімін дамыту  аса маңызды. Осы орайда, Иран тарапы ағымдағы жылы қазақстандық білім алушы жастар үшін 20 білім грантын бөліп отыр.  Сондай-ақ Қазақстандағы ғалымдарды және шығыстанушыларды Иранда жыл сайын өтіп отыратын ғылыми фестивальдерге қатысуға шақырамыз. Аталған фестиваль жеңімпаздарына арнайы қаржылай сыйлықтар табысталады. Бұл ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік. Мен айтқан ұсыныстар екі ел арасындағы ғылым және білім саласын дамытуға сеп болары анық», – деді құрметті елші.

Жүздесу барысында бірлескен ғылыми-білім беру жобалары шеңберінде одан әрі әріптестік және өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі