Ирак университеттері ҚазҰУ-мен серіктес болуға дайын
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ирак Республикасы елшілігінің істері бойынша уақытша сенімді өкілі Джабер Абдулла Әл-Темими бастаған делегациямен кездесті.
Кездесуде ректор Қазақстан мен Ирак арасында 1995 жылдан бері ұзақ мерзімді дипломатиялық қатынастардың орнағанын атап өтті. Ирак елшілігі Қазақстанда 2008 жылдан бері жұмыс істейді. 2023 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстанның Ирактағы елшісі Айдарбек Тұматов Ирак премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Фуад Хусейнмен кездесіп, екі елдің ынтымақтастық бағыттарын талқылаған болатын.
Бүгінде ҚазҰУ еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде Азия және әлем елдерінің университеттерімен әріптестік байланыстарын жан-жақты дамытуда. Университет бірқатар халықаралық, сондай-ақ WUC, COMSATS, COMSTECH, Жібек жолы университеттерінің альянсы сияқты үкіметаралық ұйымдарға мүше. Сондай-ақ 2014 жылдан бастап университет БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» (UNAI) бағдарламасының жаһандық хабын басқарады. 2023 жылы университет QS Asia University Rankings халықаралық рейтингінде 29-орынға ие болды.
«Бүгінде ҚазҰУ-да Ирак Республикасының 15 студенті оқиды. Оның сегізі ақылы негізде, ал жетеуі білім гранты бойынша білім алуда. Университет Ирак жастарының арасында сұранысқа ие болып отырғанына қуаныштымын. Біз екі ел арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге дайынбыз», – деп атап өтті ректор.
Өз кезегінде Джабер Абдулла Әл-Темими ҚазҰУ басшылығына алғыс айтып, келер жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтетін Қазақ ұлттық университетімен байланысты нығайтуға қызығушылық білдірді.
Жүздесуде тараптар алдағы жоспарларды пысықтап, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі