Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасына кіретін тұрақты даму мақсаттары аясында «Денсаулық және әл-ауқат» бағыты бойынша шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары «Шығыстану» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан 2-курс студенттерімен «Дені саудың – жаны сау» атты іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында денсаулыққа қатысты сауалнама жүргізіліп, студенттер 20 сұраққа анонимді жауап берді. Бұл жауаптардың нәтижесі саралана келе, студенттер өзара пікір алмасты. Адам өз денсаулығын сақтау үшін дұрыс ұйықтап, дұрыс тамақтануы қажет. Сонымен қатар физикалық жаттығулар да денсаулыққа өте пайдалы деген тұжырымға келді.
Осыған орай, жапон бөлімінің студенттері Мәлика Рахымжан мен Дария Қапенова өздері дайындаған презентацияда темекідегі улы заттар және оның денсаулыққа қандай залал келтіретінін айтты. Араб бөлімінің Аруна Марат бастаған студенттері электронды темекілердің адам ағзасына қауіпті екенін дәлелдей отырып, онымен күресуге шақырды.
Қазіргі таңда есірткі сияқты тыйым салынған заттарды қолдану дүниежүзін алаңдатып отыр. Қытай бөлімінің Шұғыла Әбдірахманова бастаған студенттері есірткіге қатысты презентация жасап, оның адам ағзасына және ақыл-ой, пайымына тигізетін залалын айқындап берді. Есірткіні қолданудың жастар арасында, өкінішке қарай, көбейіп жатқанын статистикаға сүйене отырып айтты.
Шығыстану факультетінің студенттері денсаулық адамның болашағын белгілейтін өте маңызды фактор екенін тұжырымдай келе, зиянды әдеттерден сақтану қажеттігін көрсетті. БҰҰ аясындағы «Тұрақты даму мақсаттары» бағдарламасында бұл мәселелердің өзектілігі, адам баласының денсаулығы үлкен байлық екенін және әсіресе жастардың денсаулықтың қадірін қолда бар кезде білу керектігі айтылды.
Бұл іс-шараға қатысқан Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Ф.Жұмажанова, араб бөлімінің меңгерушісі А.Хаван студенттердің өз пікірлерін ортаға салуда белсенділік танытқандарын атап өтіп, мұндай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын баса айтты.
Ақбота АХМЕТБЕКОВА,
Айгүл ЖИЕКБАЕВА,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары