ҚазҰУ мен Польша университеттерінің байланысы артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Мария Кюри-Склодовская университетінің ректоры, профессор Радослав Добровольскимен жүздесіп, ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.
Кездесуде университет басшысы Жансейіт Түймебаев Мария Кюри-Склодовская университетімен серіктестікті дамытуға айрықша мән беретініне назар аударды. Ректордың айтуынша, ҚазҰУ Польшаның 22 жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сондай-ақ оқу ордасының 21 оқытушысы соңғы жылдары Польша университеттеріне арнайы барып, ғылыми конференцияларға қатысып келді. Ал ҚазҰУ-ға 2022/23 оқу жылында Польшаның беделді төрт профессоры мен PhD докторлары келіп, дәріс оқыған болатын.
Өз кезегінде Мария Кюри-Склодовская университетінің ректоры, профессор Радослав Добровольски ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдіріп, екі оқу ордасы арасындағы серіктестікті жоғары бағалады.
Жүздесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, серіктестікті одан әрі кешенді түрде нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.
Қос университет басшылары ынтымақтастың негізгі бағыттарын айқындап, білім және ғылым, спорт салаларындағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі