ҚазҰУ студенттері Бахрейнге жолдама ұтып алды

27 қараша, 2023

Әл-Фараби кітапханасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы Республикалық 2023-2024 жылғы маусымға арналған Huawei ICT Competition АКТ байқауының ұлттық финалы өтті. Аталған байқауда ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің студенттері желілік технологиялар мен инженерия саласындағы өз біліктіліктерін растап, Network Track трек бойынша үздік ондыққа енді.

Жарысқа еліміздің жоғары оқу орындарынан 150-ден астам талантты студент жастар  қатысты. Олар сайыста өз шеберліктері мен бар білімдерін көрсетіп, үздік атақ үшін бақ сынасты. Таланттар экожүйесін дамытудың тетігі саналатын байқау кезекті рет жастардың мүмкіндігі мен әлеуетін арттыруға жол ашатынын дәлелдеді.

Байқау нәтижесінде ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің студенттер командасы Network Track бағыты бойынша үздік ондыққа еніп, желілік технологиялар және желілік инженерия саласында жоғары нәтиже көрсетті.

Бүгінде Cloud Track бағытына ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері ерекше қызығушылық танытуда. Олар жарыста бірінші және екінші орындарды иеленді. Бұл жетістік студенттерге өз білімдеріне деген сенім мен алдағы қиындықтарды шешуге дағдылануға көмектеседі.  Осы тәжірибе арқылы жастар әлемнің әр түкпірінен келген үздік жастар арасында халықаралық кеңістікте өз күштерін сынауға бірегей мүмкіндік алады.

Cloud Track жеңімпаздары алдағы 18-21 желтоқсан аралығында Бахрейнде өтетін аймақтық финалға қатысады. Бұл финалға Қазақстан атынан қатысу құқығын жеңіп алған  ҚазҰУ студенттері өз білімдерін шыңдап, аймақтық байқауда ел намысын абыроймен қорғайтын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі