ҚазҰУ фотосуретшілерінің жұмыстары фотоэнциклопедияға енгізілді
Алматыда «Ұлы Жібек жолымен» ХІ халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі барысында «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тұсаукесер рәсімін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және «Дарын» баспасы ұйымдастырды.
Мақсат – қоғам санасын фото арқылы мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұраға бұру, фотографтардың шығармашылығымен және ұлттық фотоөнер тарихын жан-жақты насихаттау.
Шараға белгілі фото өнер саласының майталмандары, бірлестік жетекшілері, ҚазҰУ-дың оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кітап «Дарын» баспасынан 407 бет көлемінде 500 данамен жарық көрді. Онда елімізге белгілі 18 фотографтың шығармалары жинақталған. Атап айтқанда: Шәңгерей Бөкеев, Қалиғұмар Қабдешұлы, Сабыржан Құсайынов, Есімхан Орынбаев, Асылхан Жүсіптегі, Фархад Қабдықайыров, Серік Мұқышұлы, Оңғарбек Алхаров, Жеңіс Ысқабай, Тілеубек Шаяхмет, Ерлан Омаров, Думан Құрманғалиев, Бауыржан Жуасбаев, Мақсат Шағырбай, Әйгерім Бегімбет, Досжан Балабекұлы, Мейірбек Тажкуранов.
Сондай-ақ фотоэнциклопедияда ҚазҰУ-дың фотографы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «ЮНЕСКО-ның фотографы» мәртебелі атағының иегері, ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бас маманы Марат Жүнісбековтың еңбектері берілген.
Кітапты құрастырушылар «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Дәурен Мақсұтханұлы бастаған қазақстандық фотоөнер мамандары. Ал редакциялаған КСРО және Халықаралық Журналистер одағының мүшесі, кәсіби фотограф Қалиғұмар Қабдешұлы, Қазақ журналистикасының қайраткері, Халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері, кәсіби фототілші Нұрманбет Қизатұлы, Еуразиялық және Қазақстандық Дизайнерлер Одақтарының мүшесі, суретші-дизайнер Бейсен Серікбай. Кітап мұқабасының дизайнын жасаған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы «Дизайн» мамандығының 3 курс студенті Ұлбосын Жарылқасынова.
Шара соңында Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов бірқатар фото өнер саласының мамандарын марапаттады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі