ҚР орнықты даму саясаты, 4-ші мақсат «Сапалы білім беру» «Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг»

27 қараша, 2023

«Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша білім алып жатқан 4- ші курс студенттері қауымдастырылған профессор Кошкимбаева С.А. ұйымдастыруымен  “Ұлттық сараптама орталығында” болды.  ҰСО-да коммуналдық гигиена, өндірістік гигиена, радиациялық  гигиена, тағам  гигиенасы, электромагниттік өрістер және басқа да физикалық факторлар, полимерлік материалдар және басқа химикаттар токсикологиясы,  пестицидтер токсикологиясы, паразитология,  бактериология, вирусология, аса қауіпті инфекциялар  лабораториялары жұмыс жасайды.

Алматы қаласындағы Ұлттық сараптама орталығы тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етіп келе жатқан еліміздің ең ірі және жетекші ұйымы болып табылады. Жыл сайын миллиондаған зертханалық зерттеулер жүргізе отырып, тұрғындарға жұқпалы және жұқпалы емес ауруларды анықтауға көмектеседі. ҰСО ның сарапшылары кез-келген тамақ өнімдері мен заттардың құрамын, қауіпсіздігі мен сапасын сәйкес зертханалдарда анықтайды.  Барлық  зертханаларында қажетті рұқсат құжаттары мен сертификаттары бар. Ұлттық сараптама орталығында кешенді зертханалық зерттеулер мен өлшеулер, тәуекел факторларын бағалау және өндірістегі қауіпсіздікті бақылау, тамақ өнімдерінің барлық түрлерін бактериологиялық және санитариялық - химиялық бағалау, медициналық тексеруден өту үшін зертханалық зерттеулер, қызметкерлерді гигиеналық оқыту жүргізіледі.

«Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг» тақырыбында семинар сабағын өткізуге атсалысқан Ұлттық сараптама орталығының директоры Аманбаев Алтай Алихановичке, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет дәрігерлері Амирова Амина Сламкановнаға және Ембергенова Айгуль Апалиевнаға алғыс айтамыз.