ҚазҰУ Еуропалық менеджмент және технологиялар мектебімен серіктестік орнатты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Бохум қаласында (Германия) өтіп жатқан «Шығыс: жаңа перспективалар және байланыстар: Грузия, Қазақстан және Өзбекстан» конференциясы аясында Еуропалық менеджмент және технологиялар мектебінің (ESMT) президенті, профессор Йорг Рохолльмен кездесті.
Кездесу барысында ҚазҰУ басшысы қатысушыларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және университет жанындағы Farabi Business School қызметімен таныстырды. Қазіргі уақытта бизнес мектебінде 380-нен астам адам оқиды. Farabi Business School бизнес-білім беру бағдарламалары басқару саласындағы қазақстандық және әлемдік тәжірибенің интеграциясын, басқару және бизнес-консалтинг саласындағы үздік тәжірибелер мен дайын шешімдерді ұсынады. Ректор өз сөзінде ҚазҰУ-дың Германия жоғары оқу орындарымен, институттарымен, ұйымдарымен ғылым, жоғары білім және мәдени өзара іс-қимыл саласында ғылыми-білім беру өзара іс-қимылының бай тәжірибесі бар екенін атап өтті.
Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасы да белсенді дамып келеді, 2023 жылы неміс жоғары оқу орындарының 15 студенті ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің базасында жазғы мектепке қатысты. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Германиядан екі студент келісімшарт бойынша білім алуда.
Өз кезегінде Еуропалық менеджмент және технологиялар мектебінің (ESMT) президенті, профессор Йорг Рохолль Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен серіктестікті дамытуға үлкен қызығушылық танытты және оған белсенді түрде жәрдемдесуге дайын екенін көрсетті. Атап айтқанда, Al-Farabi Business School-да оқыту бойынша қос дипломды білім беру ұсынылды.
Кездесу барысында ҚазҰУ басшысы Еуропалық менеджмент және технологиялар мектебімен (ESMT) ынтымақтастық бойынша ұсыныстарын атап өтті. Олар: жоғары оқу орындары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы ынтымақтастық орнату және келесі бағыттарда дамыту: ҚазҰУ білім алушыларының (ЭБЖМ және Al-Farabi Business School) Еуропалық менеджмент және технологиялар мектебінде тағылымдамадан өту; MBA Classic қос диплом бағдарламасын іске асыру; ҚазҰУ түлектеріне арналған Top-up МВА ұйымдастыру (ҚазҰУ МВА алғаннан кейінгі МВА екінші дипломы), сондай-ақ ҚазҰУ білім алушыларына арналған Еуропалық менеджмент және технологиялар мектебі профессорларының дәрістер курсын онлайн/офлайн форматта оқу.
Келіссөздер аясында тараптар студенттер мен оқытушылар алмасу, қос дипломды бағдарламалар мен басшылардың біліктілігін арттырудың бірлескен курстарын енгізу, университеттер арасындағы ынтымақтастықтың бағыттарын дамыту мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі