ҚазҰУ-да II Ұлттық Экологиялық жастар форумы өз жұмысын бастады
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық жер күніне орай II Ұлттық Экологиялық жастар форумы өз жұмысын бастады.
Форумды ұйымдастырушылар: ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдауымен «Жандану әлемі» қоры және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. ҚР тұңғыш Президенті, Елбасының қоры форумның бас әріптесі болып табылады.
Форумның басты мақсаты – ҚР экологиялық ағарту, экологиялық мәдениетті құру және қоғамның түйсігін қалыптастыру саласындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі концепциясын жүзеге асыру; жастарды өзекті экологиялық мәселелерді шешумен байланысты зерттеулерге, тәжірибелік және қоғамдық жұмысқа белсенді тарту.
Форумның үш күндік жұмысын ҚР Ғылым және білім министрлігі өкілдерінің, Германия мен Финляндияның ғылыми-сарапшыларының қатысуымен экология саласындағы халықаралық білім беру бағдарламаларының тұсаукесері ашты.
Эко-форумның бағдарламасына ЖОО арасында «Менің жасыл қалам – менің арманымдағы қала» тақырыбында Ботаника бағының аумағында өтетін байқаулық бағдарлама, Медеу шатқалына экскурсиялық тур, «Барлығы отбасынан басталады» бейне роликтер байқауы, «Балалық шақтың балдәурен әлемі» әлеуметтік жобасының шеңберінде өткізілетін «Балалық шақтың балдәурен ғаламшары» балалар эко-шығармашылығының көрмесі кіреді.
Форум барысында 2014 жылдың қазан айында бастау алған Республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауы шеңберіндегі экология саласындағы бірлескен жобаларды жоспарлау, табиғатты қорғау қызметі саласындағы теориялық және тәжірибелік білімді талқылауға арналған алаң құрылады. Ең үздік жұмыстардың авторлары арнайы сыйлықтарға ие болады.
Барлығы форумның жұмысына Қазақстанның барлық аумағын танытатын еліміздің 30-дан аса жоғары және арнайы орта оқу орындарынан келген 1,5 мыңнан аса делегат қатысады.
І Ұлттық Экологиялық жастар форумы «Жандану әлемі» қорының құрылтайшысы Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның жеке бастамасымен 2014 жылдың сәуір айында Алматы қаласында өткенін атап өту керек.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі