АҚШ ғалымы ғарыштық зерттеулер тәжірибесімен бөлісті

29 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Аризона университетінің жер және ғарыштық зерттеулер бөлімінің негізін қалаушы, Origins жобасының құрметті директоры, профессор Лоуренс Максвелл Краусс көшбасшылық дәріс оқыды.

Білікті ғалым университетке сапары барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжановамен кездесті. Тараптар ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады.

Шараға университет басшылығы, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.

Тәжірибелі физик, астрофизика және космология саласындағы маман, профессор Лоуренс Максвелл Краусс 300-ден астам ғылыми жарияланымдар мен бірнеше танымал кітаптың авторы. Ғалымның 1995 жылы жарық көрген «Физика звёздного пути» атты кітабының АҚШ-та 250 мыңнан астам данасы сатылып, ұлттық бестселлерге айналған.

Профессор Краусс өзінің көшбасшылық дәрісін әйгілі ғалым Альберт Эйнштейннің  «Сіз бірдей көзқарас пен ойлау жүйеңізді өзгертпесеңіз, туындаған проблеманы ешқашан шеше алмайсыз» деген сөзімен бастады. Спикер қазіргі уақыттағы космологиялық дағдарыс, фундаменталды физика саласындағы жаңа көзқарас пен талдаулар, ғарыш кеңістігін зерттеу мәселелері туралы тәжірибесімен бөлісті.

Дәріс соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алып, профессорға алғыс айтты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

 

Басқа жаңалықтар