Ахмет Байтұрсынұлы музейіне саяхат
06.10.23 күні 307-309 К ХИ оқу топтарыммен бірге қаламыздың А. Байтұрсынов көшесінде орналасқан Ахмет Байтұрсынұлының музейіне барып қайттық. Қазақ үшін қасиетті есім. Ұлттың Ұлы ұстазының 150 жылдығы қарсаңында музей-үйі Алматы қаласы әкімінің қаулысымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» құрамына еніпті. Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми ақталғаннан кейін, ҚР-сының «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылғы 18 қыркүйекте қала әкімінің «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет бас басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар көшесіндегі № 60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын» деген №413 шешім негізінде ХХ ғасырдың ұлы реформаторы А. Байтұрсынұлының Алматыдағы музейі 1993 жылы ұйымдастырылып, өз жұмысын бастаған. Музей-үй төрт бөлме және бір жертөледен тұрады екен. Оның бір бөлмесі – Ахметтану дәрісханасы. Үш залда ғалымның шығармашылық ғұмырына қатысты экспонаттар жасақталған екен. Студенттерім де, өзімде үлкен әсерде болдық.