ҚазҰУ Рур университетімен ғылыми байланыс орнатады

1 желтоқсан, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Германияға жұмыс сапары аясында Бохум қаласындағы Рур университетінің (RUB) ректоры Мартин Паульмен кездесті.

Кездесуде ҚазҰУ ректоры германиялық әріптестерді университет жетістіктерімен таныстырып, оқу орнының халықаралық ғылыми байланыс саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

ҚазҰУ басшысы өз сөзінде университеттің әлемдегі ірі жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастығына, инновациялық және білім беру жобаларын іске асыруға баса назар аударып, Бохумдағы Рур университетімен әріптестікті нығайтуға қызығушылық білдірді.

Мартин Пауль мырза жауап ретінде 1962 жылы соғыстан кейінгі Германияда құрылған бірінші университет – Бохумдағы Рур университеті туралы айтты. Университет бірінші болып ГФР-да стандартты бакалавр және магистр дәрежелерін беру тәжірибесін енгізді. ЖОО-да 42 600 студент оқиды, оның 6864-і шетелдік білім алушылар. RUB құрылымында 21 факультет жұмыс істейді. Университет Утрехт желісі Еуропа университеттерінің қауымдастығына  және Metropole Ruhr университеттік альянсына (Universitätsallianz Metropole Ruhr, UAMR) мүше.

Кездесу барысында тараптар университеттер арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, бірлескен орталық құру мәселелерін, ғылым-білім ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі