ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының тыңдаушылары ТДМ 11 аясында Орталық Мемлекеттік мұражайына саяхаттап барды. Ондағы мақсат-Қытай, Моңғолия, Иран мемлекеттерінен келген қандас бауырларымызға атамекендері - Қазақстан туралы ақпарат беру. Мұражайға саяхат жасау тұлғаның үйлесімді дамып, қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, жастарды ұлтжандылыққа, мәдениеттілікке, өз елінің тарихын құрметтеуге тәрбиелеп, шежірелі қазақ жерінің тарихын біліп қана қоймай, оны сүйіп, құрметтеу әрбір азаматтың міндеті екендігін жете түсінуіне көмектеседі.
Мұражай ғимаратының жалпы ауданы - 17 557 шаршы м. Оның үш қабатында көрме галлереялары мен 4 экспозициялық залы орналасқан . Оның қорында және экспозициялық топтамасында 300 мыңға жуық бірлік бар.Мұражай қызметкерлері тыңдаушыларды ерекше ілтипатпен қарсы алды. Саяхат барысында тыңдаушыларға мұражайдағы экспонаттар туралы түсінік берілді. Мұражайда адамзаттың қалыптасуынан бастап қазіргі тәуелсіз Қазақстанның өмірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Қазақ халқының ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптейтін заттар көздің жауын алады. Ұлттық мұражайдың барлық бөлімін аралап шыққан тыңдаушылар өздеріне қажетті мағлұматтарға қанық болып, рухани азық алып демалып қайтты.