ҚазҰУ Малайзия ЖОО-ларымен байланысын кеңейтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Малайзиядан арнайы делегация жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының басшылығымен кездесті.
Делегация құрамында Малайзиядағы білім беру жаһандық қызметтер жөніндегі компаниясының директоры Рахиман Ибрахим, Куала-Лумпур университетінің директоры Эида Надирах, Берджай университет-колледжінің директоры Норлела Бахарудин, Малайзия университетінің өкілі Ирсяд Мухаммад, Малайзиядағы білім беру жаһандық қызметтер жөніндегі компанияның аймақтық менеджері Раджа Фариз бар.
Әңгіме барысында тараптар серіктестікті арттыру және академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқытушылар мен студенттер алмасу жұмыстарын жандандыру мәселелерін қарастырды.
Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қонақтарды білім ордасының жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Қазіргі таңда университетте 26 мыңға жуық студент оқиды. Оның ішінде 3000 студент шетелдерден келіп, білім алуда. Алдағы уақытта өзге мемлекеттерден ҚазҰУ-ға түсетін студенттер санын арттыру жоспарда бар. Біздің университет өзінің ғылыми және білім беру қызметін табысты жалғастыруда. Бүгінде оқу ордасының ғалымдары әзірлеген 100-ден аса ғылыми жоба бар. Қазіргі уақытта инновациялық жобаларды коммерцияландыру жұмыстары жүргізілуде. Осы тұрғыда ғылым және білім салалары бойынша Малайзия университеттерімен ынтымақтастықты дамытуда ҚазҰУ-дың мол мүмкіндігі бар», – деді ректор.
Өз кезегінде делегация мүшелері екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі