Қырғыздар Шоқанды ардақтап жатыр
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бір топ студенттері ЮНЕСКО, Халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Шарипа Нұржанованың жетекшілігімен Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында болды.
Алатау асып барғанымыздағы жалғыз мақсат – Ишенали Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті мен Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде ағартушы, этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың күндерін өткізу болатын. Шара аясында қырғыз халқының дарқан көңілі мен меймандос, қонақжайлылығына куә болдық. Көрші ел Шоқанды бізден артық құрметтемесе, кем әспеттемейтіндігін әрбір іс-әркеттерімен көрсетіп берді.
Алғашқы күннің әлқиссасын атақты жазушы Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың мазары орналасқан «Ата бейітке» зиярат етуден бастадық.
Қасиетті мекеннен орала салып, И.Арабаев атындағы университеттің оқытушылары мен студенттері және қазақ жастарының арасында келелі сұхбат, жылы лебіз, өнер мен ой алмасуы болып өтті.
Екі елдің жастары да білімді, өнерлі екендіктерін танытқан келелі кеңесте Шарипа Нұржанова қазақ пен қырғызға нұрын төккен шоқ жұлдыз Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың бауырлас халықтың мәдениетіне де қосқан шексіз үлесі жайлы айта келіп, есте қалар естеліктері мен жанға шуақ сыйлар тілектерін айтты.
Шоқан бабамыз жазып алған қырғыз халқының ұлттық брендіне айналған «Манас» жырын тыңдап, бір марқайып қалған қазақ жастары, өздері білетін қырғыз халқының әндерін шырқаса, қырғыз жастары да қазақ әнінен шашу шашты. Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде де дәл осындай іс- шара болып, жиын соңында университеттің журналистика факультетінің «Ардақ кітабына» қазақтың болашақ журналистері атынан тілек жазып, қолтаңба қалдырдық.
Қымбат ОРАЗАЛЫ, әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті