- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ ғалымдары постпандемия кезеңіндегі әлеуметтік сала мәселелерін зерттеу жүргізуде
ҚазҰУ ғалымдары постпандемия кезеңіндегі әлеуметтік сала мәселелерін зерттеу жүргізуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің ғалымдары «Пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының әлеуметтік саласын мемлекеттік реттеуді күшейту» жобасы шеңберінде зерттеулер жүргізуде.
Пандемия адам өмірінің барлық салаларына қатты кері әсерін тигізді, экономика саласындағы дағдарысты ушықтырды. Осыған байланысты Қазақстандағы білім беруді, денсаулық сақтауды, жұмыспен қамтуды, халықты әлеуметтік қамтамасыз етуді дамытуды мемлекеттік реттеуді күшейту қажеттілігі артты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің ғалымдары осы өзекті мәселелерді шешуге көмектесетін ұсыныстар әзірлеуге кірісті.
Сонымен қатар зерттеушілер пандемия, карантин және халықтың өзін-өзі оқшаулау салдарынан болатын экономикалық шығындарды бағалаумен, пандемия кезіндегі халықты қолдау бойынша ауқымды шаралардың нәтижелерін талдаумен айналысады. Жобаны экономика ғылымының кандидаты Лаура Әшірбекова басқарады.
Жобаның ғылыми жаңалығы пандемияның салдарын, оның қазақстандықтардың тыныс-тіршілігіне және олардың өмір сүру деңгейіне әсерін талдау мен бағалауда жатыр. Бұл ретте адамдардың өмірлік игіліктерге, сапалы медициналық қызметтер алуға, әлеуметтік қорғауға және денсаулықты қорғауға деген қажеттіліктері ескеріледі. Нәтижесінде ғалымдар әлеуметтік саланы мемлекеттік реттеуді күшейту бойынша шаралар әзірледі. Олардың мақсаты – дамыған елдердің озық тәжірибелерін ескере отырып, пандемияның Қазақстан Республикасының адами капиталын молайту процесіне теріс салдарын нивелирлеу.
Л.Әшірбекованың айтуынша, Қазақстанда пандемиядан кейінгі кезеңде әлеуметтік саланы мемлекеттік реттеуді күшейту саласында, ел үшін экономикалық салдарларды бағалаумен, сондай-ақ кейіннен мемлекеттік реттеудің пәрменді тетігін әзірлеумен алғаш рет жан-жақты зерттеу жүргізілді.
Жоба бойынша ғалымдар Scopus-ты қоса алғанда, рейтингтік, рецензияланатын басылымдарда мақалалар жариялады. Нәтижелері бойынша қазақ тіліндегі «Мемлекеттік және жергілікті басқару» ББ студенттері үшін бір монография және бір оқу құралы жарық көрді.
Жоба бойынша жұмыс 2023 жылдың соңына дейін жалғасады. Зерттеу нәтижелерін уәкілетті мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық ұйымдар, жергілікті қауымдастықтар аймақтардың да, жалпы елдің де әлеуметтік даму мәселелерін ғылыми негізделген жоспарлау және атаулы шешу үшін пайдалана алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі