ЖАСТАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Еліміздің ертеңі – жастар, бүгінгі өскелең ұрпақ. Сондықтан «не ексең соны орасың» дегендей, еліміздің одан әрі гүлденіп, дамуы, іргелі мықты мемлекетке айналуы күні ертең үлкен өмірге араласар жас буынның тәрбиесіне байланысты.
Осы орайда бүгінгі күні еліміздің жоғары оқу орындарында білім алушы жастарды отаншылдық, рухани, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу және оларды діни экстремизм мен фанатизмнің залалды ықпалынан қорғау аса маңызды. Бұл тұрғыда жалпыадамзаттық рухани құндылықтармен қатар, ұлттық мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға назар аударуымыз қажет. Жастардың эстетикалық, ізгілікті, озық ойлы жоғары талғамының қалыптасуына ұйымдастырылатын іс-шаралардың, әсіресе, оқытушы құрамы тарапынан білім беру мен тәрбие сағаттарын өткізудің ықпал ететіні баршамызға мәлім.
Еліміздің экономикасындағы оң өзгерістер мен мемлекеттік деңгейдегі саяси шараларды зерделеп-қабылдау, озық ойлы зиялы қауымның күш-жігері, тәрбиенің бағыттылығы қоғамда отансүйгіштік, іскерлік, үлкенді сыйлау, салт-дәстүрлерімізді қастерлей білу, жеке басы мен жақындары үшін жауапкершілікті сезіну сияқты қасиеттерді жоғары қоятын оңтайлы орта қалыптастыруға септігін тигізетін болады.
Жастардың ұлттық мәдениеттен нәр алуы, еліміздің тарихи өткенін оқып-зерттеуі, қоғамымыздағы достық ахуал мен бейбітшілікті, рухани келісімді нығайту жас ұрпақ бойында біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруы шарт.
Осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЭБЖМ есеп және аудит мамандығына оқып жатқан студенттері Қазақстан халқы ассамблеясының президент сайлауын биыл өткізу туралы үндеуін қолдайтындықтарын білдіріп, түрлі іс-шаралар өткізді.
Еліміздің экономикасын көтеру жолында бүгінде орасан жұмыс атқарылып жатқанын жастар шын жүректен сезінеді. Қазірде жастар саясаты туралы заң да қабылданды. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік. Студенттер таяуда өткен «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты кураторлық сағатта бүгінде мемлекеттің қолдауымен көптеген жобалар жүзеге асырылып жатқандығын, соның арқасында жастар сапалы білім алып, ғылыми жұмыстармен айналысып, өмірден өз орындарын тауып отырғандығын айтып, көпшілікті сайлауға бір кісідей белсене қатысуға шақырды.
– Біз 26 сәуірге белгіленген еліміз президентін сайлау науқанына белсене қатысу мақсатында іс-шаралар жүргізудеміз. Жастар алдағы сайлауға міндетті түрде қатысады. Өйткені олардың әрқайсысы еліміздің ертеңі үшін өз жүрек қалауымен таңдау жасап, сайлауға қатысып, дауыс беруді азаматтық парызым деп біледі, – деді 2 курс студенті, оқу үздігі Ұлжан Дәулетқызы.
«Елімізде саяси және әлеуметтік тұрақтылық, этностар арасындағы бейбітшілік пен конфессияаралық келісім сақталып келеді. Еліміздің мықты экономикалық даму қарқыны қалыптасқан. Елімізде азаматтардың әл-ауқаты күннен күнге жақсарып келеді, жаңа жұмыс орындары ашылып және өңірлерде де экономикалық өсім байқалып отыр. Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде жастар арасында жұмыссыздық белең алуда. Бұл мәселеде Қазақстанның айқын ұстанымы бар. Мәселен, Елбасының бастамасымен «Нұрлы жол» бағдарламасы айқындалды. Бағдарламаға сәйкес, жаңа жұмыс орындары ашылып, жолдар салынады, инфрақұрылым нысандары бой көтеретініне сеніміміз зор», – деп түйіндеді өз ойын Абзал Әмілбек.
Экономика және бизнес жоғары мектебінде бүгінгі күні өткізіліп жатқан іс-шаралар легі кезектен тыс президенттік сайлау қазақстандық қоғамда, соның ішінде жастар арасында кеңінен талқыланып отырған тақырып екендігін көрсетеді. Яғни кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді толықтай қолдай отырып, оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер қауымы бұл қоғамда тұрақтылық пен бірлікті сақтайтындығын, сонымен қатар алға қойылған міндеттерді тиімді іске асыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды қадам деп бағалайды. Тұтастай алғанда, еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуіне бағытталған бастамаларды, соның ішінде жастардың өмірін жақсартуға бағытталған шараларды әрқашанда қолдауға әзір екенін білдіреді. Демек кезектен тыс сайлау «Қазақстан – 2050» стратегиясының басым бағыттарын іске асыруды қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы жастарға әрқашан жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда елімізде жастардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Жарқын болашаққа талпынған еліміздің жалынды жастары Қазақстанның биік асулардан көрінуіне өз үлесін қосуы қажет. Бұл – біздің азаматтық парызымыз болып табылады дей келе, сайлау алдында студент-жастардың айтары: «Біз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студент-жастары, тәуелсіз Қазақстанда туып өскен, білім алған және білім алып жатқан, өзінің бүгіні мен ертеңіне нық сеніммен қарайтын, өз болашағын дамыған, қуатты, гүлденген Қазақстанмен байланыстыратын жас қазақстандық буын өзіміздің азаматтық ұстанымымызды жариялаймыз. Біз нұрлы болашаққа бастайтын «Нұрлы жол» – Елбасы жүргізіп отырған саяси бағыт деп танимыз. Сондықтан, біз бүгінгі таңда әлемдік деңгейде қалыптасып отырған саяси-экономикалық ахуалды ескере отырып, осындай сындарлы сәтте еліміздің болашақ дамуының сабақтастығын толық қамтамасыз етуі үшін қазіргі президент, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім білдіріп, кандидатурасын қолдаймыз».
Ажар БЕЙСЕНБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы,
экономика ғылымдарының кандидаты