"Мүгедектердің құқықтарын қорғаудың халықаралық-құқықтық және ұлттық аспектілері" тақырыбында ЖОО аралық дөңгелек үстел

5 желтоқсан, 2023

2023 жылғы 5 желтоқсанда Халықаралық құқық кафедрасы Халықаралық мүгедектер күніне арналған "Мүгедектердің құқықтарын қорғаудың халықаралық-құқықтық және ұлттық аспектілері" тақырыбында ЖОО аралық дөңгелек үстел ұйымдастырды. "Бейбітшілік, сот төрелігі және тиімді институттар" ТДМ 16 шеңберіндегі іс-шараның мақсаты мүгедектердің барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу, қорғау және толық және тең жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді талқылау болып табылады. 

Дөңгелек үстелдің өзекті мәселелерін талқылауға студенттер, магистранттар, докторанттар, оқытушылар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің модераторы PhD докторы З. М. Баймағамбетова болды.

Дөңгелек үстел аясында мүгедектердің құқықтарын қорғау бойынша аса маңызды мәселелер талқыланды: шақырылған қонақ - "Мүгедектердің құқықтары жөніндегі Азия қоғамы" қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары И.Р. Фаткулин мүгедектердің құқықтарын қорғау саласындағы өз тәжірибесімен бөлісті, қатысушылардың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.

Адибаев А. М. ҚазҰУ докторанты, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің аға оқытушысы, мүгедектердің құқықтарын қорғау бойынша диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелерін таныстырды.

Дөңгелек үстел барысында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары қол жетімді ортаны қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелерін қозғады.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Еуропа мемлекеттерінің халықаралық тәжірибесі негізінде бірлескен ұсынымдар қабылданды. Дөңгелек үстелдің барлық қатысушыларына мағыналы сөз сөйлегені және мүгедектердің құқықтарын қорғау саласындағы белсенді қызметі үшін алғыс айтамыз!