ҚазҰУ Нүкіс ғалымдарымен бірлесіп қазақ тілін дамытады

8 желтоқсан, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық университетінен арнайы делегация келіп, оқу ордасының қызметімен танысты.

Құрметті қонақтар ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, қос университет арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың жаңа басым бағыттарын қарастырды.

Жүздесуде Жансейіт Түймебаев қонақтарға білім ордасының жетістіктерін таныстырып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Өз сөзінде ректор екіжақты байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ректор оқытушылар мен студент алмасу, тәжірибемен бөлісу, қазақ тілін дамытуда бірлесіп жұмыс істеу және екі университеттегі факультеттер арасындағы серіктестікті жандандыру қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры Рохат Ешмуратов аталған ұсыныстарды қолдайтынын білдірді.

Кездесу барысында білім, ғылым салалары және білім беру бағдарламаларындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі