Қиыр Шығыс кафедрасында «SDGs 13: Климаттың өзгеруімен күресу» тақырыбында іс-шара өтті.

12 желтоқсан, 2023

Университеттің Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Тұрақты Даму Мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуі және оны студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамы арасында одан әрі танымал ету аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасында әлеуметтік-танымдық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

   2023 жылдың 4 желтоқсаны және 11 желтоқсанында жапон және корейтану бөлімінің оқытушылары семинарлар өткізді. Оған корей бөлімінің 4 курс бакалавриат студенттері және жапон бөлімінің 1 курс магистранттары қатысты. Семинар тақырыбы: «SDGs 13: Климаттың өзгеруімен күресу». Сондай-ақ, бұл іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дүниежүзілік климаттық саммитке (COP 28) жұмыс сапарымен тұспа-тұс келіп отыр.

   1992 жылы БҰҰ Рио-де-Жанейрода Жер саммитін ұйымдастырып, онда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы қабылданды және оның орындалуын үйлестіретін институт БҰҰ-ның Климат хатшылығы құрылды. Тараптар Конференциясы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының, Киото хаттамасының (КП) және Париж келісімінің (ПА) ережелерін жүзеге асыру жөніндегі жоғары келіссөздер жүргізетін орган болып табылады.

Биыл ол Дубайда (БАӘ) 2023 жылдың 30 қарашасы мен 12 желтоқсаны аралығында басталды. Биылғы шараны Біріккен Араб Әмірліктері ұйымдастырып отыр. COP28-ге 70 мыңнан астам қатысушы - 197 елдің мемлекеттері мен үкіметтерінің өкілдері, ғалымдар, сондай-ақ азаматтық белсенділер қатысады деп күтілуде.

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климаттық саммиттің ашылу салтанатына қатысу үшін Dubai Expo City көрме орталығына барды. Саммит барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық отырыста сөз сөйлеп, өзге мемлекет басшыларымен және бизнес құрылымдарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.

 COP28 конференциясына қазақстандық компаниялардың, ірі инвесторлардың және халықаралық ұйымдардың 100-ден астам өкілдері қатысуда.

   Орталық Азия елдерінің үкіметтері халықаралық серіктестермен және Орталық Азияның Аймақтық экологиялық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған «5 ел – 1 аймақ – 1 дауыс» Орталық Азия елдерінің біріккен павильоны бірыңғай диалог алаңы ретінде әрекет етеді. Орталық Азия елдері COP28 конференциясында бірлескен Аймақтық мәлімдеме жасап, онда климаттың өзгеруіне бейімделудің жалпы стратегиясының бөлігі ретіндегі негізгі шаралар туралы айтылады.

Семинарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дүниежүзілік климаттық саммитте сөйлеген сөзінің мазмұны әлемдік және қазақстандық БАҚ-қа шолу арқылы студенттерге түсіндірілді.

 

Аға оқытушы Сартаев Е.Е.

Аға оқытушы Ахапов Е.А.