«ЖҮРЕК – ТЕҢІЗ, ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ – АСЫЛ ТАС»

21 қараша, 2023

Қарашаның 21-ші жұлдызында Абай ҒЗИ мен «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының ұйымдастыруымен филология факультеті «Әдебиеттану» және «Қолданбалы қазақ тіл білімі» мамандықтарының 1 курс студенттеріне «ЖҮРЕК – ТЕҢІЗ, ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ – АСЫЛ ТАС» атты әдеби-танымдық кездесу-сабағы өтті. 

Сабаққа белгілі ақын, кәсіби тәржіман, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ержан Алаштуған қатысты. Дәріс тақырыбы да, кездесуге келген ақынның сөзі де ұштасып, бірін-бірі орайлы толықтырып тұрды. Дәріскер Төрегелді Тұяқбай Абайдағы «жүрек» категорияларын тарқатып айтса, кездесу-сабаққа қатысқан тағы бір дәріскер, «Көкжиек» жетекшісі Ләйла Мұсалы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрі, жүрек образының қазіргі поэзиядағы көріністері туралы айта келіп, студенттерді  қазіргі поэзия өкілі Ержан ақынның өзімен сұхбаттасуға шақырды. 

Өз кезегінде талантты ақын Ержан Алаштуған дәріс тақырыбына өз білгенін, жазғанын ғана емес, зерттегенінен де қосты. Ержан ақын Абай дәстүрін ұстанып қана қоймай, Абай шығармашылығын зерттеп жүргенін айтып, студенттермен білгенімен бөлісті. Ол Абай шығармашылығындағы «жүрек» ұғымының 300-дей анықтауышын тапқанын айтты. 

Кездесуде студенттер Ержан Алаштуғанның «Дос», «Хат», «Түн», «Жемтік», «Қараша» сияқты т.б. өлеңдерін оқып берді. Айта кетерлік дүние, Ержан Алаштуғанның өлеңдері күрделі жүйесімен ерекшеленеді, бұны автордың өзі де атап өтті.

Студенттерден де өз өлеңдерін оқығандар болды. Олардың арасынан Бердібек Әділдің «Бозарып атқан ақ таңда» өлеңіне Ержан ақын ерекше ықыласын білдірді. Ержан Алаштуған өзімен бірге әкелген бір қорап кітабын өлең оқыған, күй тартқан студенттерге үлестіріп, сыйлыққа берді. 

Әдеби-танымдық кездесу-сабағымыз студенттерге ұнады, әрі пайдалы болды деп санаймыз. Абай дәстүрі, ойшыл ақынның "Жүрек" концепті" қазақ поэзиясы мен руханиятында жалғасын тауып келе жатқаны  Кездесу-сабағын ұйымдастырған профессор м.а. Т.Тұяқбай, доцент Л.Мұсалы мен оқытушы Б.Даутова, А.Кенжеқожаевалар сабақты қорытып, шынайы да терең ақын Ержан Алаштуғанға ерекше алғыс білдірді.