ҚазҰУ профессор Берікбай Сағындықұлымен қоштасты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ардагер ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлын ақтық сапарға шығарып салды.
Қаралы жиынға ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Сәбит Суатай, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен ұжымы, марқұмның туыстары, шәкірттері қатысты.
Қоштасу жиынында проректор Ләззат Еркінбаева сөз сөйлеп, ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаевтың және оқу ордасының ұжымы атынан Берікбай Сағындықұлының ағайын-туыстарына көңіл айтты.
«Берікбай Сағындықұлы – қара шаңырақ ҚазҰУ-дың түлегі. Университетте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, қазақ тіл білімінің, түркологияның, қазақ филологиясының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Бүгінге дейін профессор көптеген білікті шәкірт тәрбиеледі. Берікбай Сағындықұлының жарқын бейнесі, жазған еңбектері мен шығармалары еш уақытта ұмытылмайды», – деді проректор.
Өз кезегінде филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев пен Қансейіт Әбдезұлы Берікбай Сағындықұлының еңбек жолына тоқталып, естеліктерімен бөлісті.
Берікбай Сағындықұлы 1939 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1962 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетін, 1975 жылы Мәскеудегі КСРО ҒА Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. Университетті бітірген соң, 1961-72 жылдары Қазақстанның бас газеті «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан») әдеби қызметкер болып қызмет етіп, үлкен шығармашылық тәжірибе жинақтады. 1975-79 жылдары Берікбай Сағындықұлы «Ғылым» баспасында әуелі редактор, кейін редакция меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасына ұстаздық қызметке келгенде ол түркология, қазақ тіл білімі саласындағы зерттеулерін ғылыми қауым жете таныған белгілі ғалым еді. Университеттегі ұстаздық, ғылыми-педагогикалық жұмыс барысында ғалым студенттерге арналған арнаулы пәндердің мазмұнын анықтады, лекцияларын дайындады, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1994 жылы «Қазақ тілі лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертация қорғады. Профессор екі монографияның, жеті оқу құралы мен 200-ден аса ғылыми және публицистикалық мақалалардың авторы.
ҚазҰУ ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі